«Азамат» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышады
«Хабар» телеарнасының бірегей төл өнімі «Азамат» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышады. Жалынды жастардың қабілетін шыңдап, көшбасшылыққа баулыған зияткерлік сайыс енді жаңа форматта эфирге шығады. Жобаны жүзеге асыруға Парламент Мәжілісі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жобары білім министрлігі қолдау көрсетіп отыр.
«Азамат» озық ойлы жастардың басын қосқан үздік жобалардың бірі болды. Олардың көшбасшылық қабілеті, шешендік өнері, білімі интеллектуалдық алаңда шыңдалды. Ел дамуы үшін түрлі тақырыптар талқыланған зияткерлік сайыс талай көрерменнің көзайымына айналса, жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер оған қатысуға ұмтылды.
Ал бағдарлама түлектері бүгінде саясат, мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет және басқа салаларда еңбек етіп жүр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Бұл жалпы мемлекетке де керек, компанияларға да керек. Неге десеңіз? Керекті ақпаратты жеткізудің өзі үлкен бір шеберлік. Өзіме де бұл қатты көмектесті пікірсайыс тәжірибесі. Сондықтан жаңадан басталған бірінші лекке үлкен табыс тілейміз.
Бір буынды тәрбиелеген жоба араға 15 жыл салып көрерменмен қайта қауышады. «Хабар» телеарнасының 30 жылдығы аясында бағдарлама енді жаңа форматта эфирге шығады. Қазірдің өзінде еліміздегі 100-ден астам жоғарғы оқу орны ішінен 32 университеттен үздік командалар анықталды.
Гүлім Мұратәлі, студент:
-«Азамат» мен үшін дебат әлемінде ерекше бағдарлама. Жаңа дүние, Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бағдарлама болады деген ойдамын.
Батыржан Сапарғали, студент:
-Менің ойымша, барлық пікірсайыстар үшін үлкен мүмкіндік және бұл жас қазақстандықтарға, мектеп түлектеріне немесе студенттерге де әрі қарай осы пікірсайыс қозғалысына қызықтыратын, оларды тартатын керемет мүмкіндік болатын секілді. Себебі пікірсайыс адамдарға өте көп дағдылар береді.
Қазір жастарды тележобаға дайындау ісі жалғасып жатыр. Медиа, пікірсайыс, коммуникация саласындағы мамандар дәріс оқыса, бұрыңғы қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Себебі ой ашық әрі еркін айтылатын, көшбасшылық қабылет шыңдалатын алаңда талқыға түсетін тақырыпта, сөз таластыратын жастар да көп.
Мақсат Сералы, экономист:
-«Азамат» бағдарламасының бір турниріне қатысқан кезде 15-20 тақырыпты толыққанды меңгеруіңіз керек. Екінші мәселе - ол орта. Кез келген адам дамуы үшін міндетті түрде орта керек.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл өте жақсы мүмкіндік біздің балаларымыз үшін. Жалпы біздің осы дебат қозғалысын сыни тұрғыда ойлау сияқты, аргументтеу, сөз сөйлей білу, сұрақ қоя білу, ақпаратты таба білу деген сияқты түрлі құзыреттіліктерді дамытады ғой. Сондықтан «Хабар» арнасына әрине бөлек алғысымды білдіргім келеді.
Бағдарламаның алғашқы саны Наурыз мерекесі аясында көрсетіледі. Ал сайысты «Азаматтың» бұрынғы түлегі, тәжірибелі журналист Нұрсұлтан Құрман жүргізеді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбаев