«Азамат» интеллектуалды бағдарламасының жаңа маусымы түсіріле бастады

Астанада «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының жаңа маусымы түсіріле бастады. Бағдарлама «Хабар» Агенттігінің 30 жылдық мерейтойы аясында экранға қайта оралған әйгілі тележобалардың бірі.
Алғашқы күні жоба қатысушылары пікірсайыс шеберлігін шыңдайтын сабақтарға қатысып, аудиторияның назарын сақтау, қимыл өнері, камера алдында сөйлеу техникасы мен сахна мәдениетінің негіздерін үйренді. Сонымен қатар, олар танымал саяси тұлғалармен кездесіп, көпшілік алдында сөз сөйлеу жайында құнды кеңестер алды.
Жаңа маусымға Қазақстанның 32 университетінің студенттері қатысады. Бағдарламаны «Азаматтың» түлегі, тәжірибелі тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман жүргізеді.
– «Азамат» бағдарламасының жаңа маусымы түсіріле басталғанын қуанышпен хабарлаймыз. Біз бұл жобаны тек телевизиялық бағдарлама ретінде қарастырмаймыз. Бұл жаңа көшбасшыларды қалыптастыруға үлкен серпін беретін және Қазақстанда дебат мәдениетінің әрі қарай дамуына ықпал ететін ашық алаң екенін сенімді түрде айта аламыз. Жаңа маусым жарқын идеялар мен терең пікірталастар алаңы болып, ешбір көрерменді бей-жай қалдырмайды деп сенемін», — деді «Хабар» Агенттігінің басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.
Жоба Парламент Мәжілісі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асыруда.
Кезінде аса танымал болған бұл тележоба осы жолы да еліміздегі ең мықты дебатшылардың басын қосты. Жаңа маусым қоғамдық пікірді жандандырып, жастардың ашық және шынайы пікірталас алаңын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Бағдарламаның алғашқы шығарылымы 23 наурыз күні сағат 14:00-де «Хабар» арнасынан көрсетіледі.