«Азамат» бағдарламасы үздік студенттерді бір арнаға тоғыстырды
15 жыл өтіп, қайта жанданған «Азамат» бағдарламасы елдің түкпір-түкпіріндегі үздік студенттерді бір арнаға тоғыстырды. Жастардың ең басты интеллектуалдық жарыстарының бірі бұрынғыдан да тартымды болып оралады. Сайыстың жоба қоры да қомақты.
Жанерке Келгенбай үшін «Азамат» жай ғана интеллектуалдық жарыс емес. Бұл өзін сынау, шыңдай түсу жолы. Ол дәл осы жолда маңызды қадам жасады. Келесі кезеңге сүрінбей өтті.
Жанерке Келгенбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің студенті:
- Өзім интроверт болатынмын. Осыны жеңу үшін, ораторлық қасиеттерді дамыту үшін клуб іздедім. Маған кел, үйренесің, - деп айтты. Қазір жүрмін сол жақта. Бізде түлек буындар бар, әпке буындарымыз бар. Сол кісілер кезінде «Азамат» күшті болатын деп айтып жүретін. Біз соған қызығатынбыз.
Бағдарламаға қатысушыларды бағалау оңай емес. Білімі мен біліктілігі сыналған жастар – 32 білім ордасынан келген үздіктер. Кіл мықтыларды таңдау – қазылар алқасы үшін де үлкен жауапкершілік.
Ерболат Мұхамеджан, төреші:
- Сөйлеу қабілетіне, мәселені жеткізе білу қабілетіне, ұсыныстарының негізділігіне және ғылыми негіздеменің болуы. Нақты дәйектемелердің болуы, сосын жалпы пікірсайысшылардың аналитикалық қабілетіне де мән беруге тырысамыз.
Білім бәйгесінде оза шапқан студенттер үшін «Азамат» – сыни ойлау қабілетін дамытуға және дүниетанымын байытуға берілген мүмкіндік,-дейді профессор Алма Сайлауқызы. Кезінде өзі де «Азаматқа» қатысып, пікірсайыста бақ сынаған кезін қуана еске алады.
Алма Сайлауқызы, PhD-доктор, профессор:
- Ең алдымен, бағдарлама басталған уақытта өзімнің алғашқы осы эфирдегі сөйлеген сөзім есіме түсті. Сол кездегі жүректің дүрсілі, қобалжу, аяқ-қолымыз мұздап, ойымызға қандай сөз келерін жүйелей алмай, қиналған сәттеріміз болған. Дегенмен өзімізді тез жинақтап алып, бірден дайындалған кейсімізді, тақырыбымызды ашуға кіріскен едік.
Бұл – білім бәйгесінде топ жаруға мүмкіндік беретін жоба ғана емес, ой-өрісі биік жастарды қалыптастыратын мектеп. Олай болса қайта жанданған «Азамат» бағдарламасынан қапы қалмаңыздар!
Алғашқы шығарылымы Наурыз мерекесі қарсаңында арнамыздан көрсетіледі.
Дана Әлиева, Болотбек Табалдиев, Мейірбек Беспаев