«Хабар» арнасы «Қызық Times» бағдарламасының жаңа маусымын ұсынады

  • 180
  • 27.03.2025, 18:37

Танымал қонақтар, сырлы сұхбат пен әдемі әзілге толы «Қызық Times» бағдарламасы тағы да көгілдір экранда. Алдағы жексенбі, 30 наурыз күні «Хабар» телеарнасы көрермендерге сүйікті бағдарламасының жаңа маусымын ұсынады. Жаңа маусымның жаңалығы қандай?

«Қызық Times» жобасы көрерменге 2009 жылдан бері таныс. 16 жыл ішінде бұл late night show көрерменнің іздеп көретін бағдарламасына айналды. Тұрақты жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек бағдарлама қонақтарын да, көрерменді де бір сәт жалықтырған емес. Жоба қызықты қойылым, танымал қонақтар және бірегей форматымен ерекше. 

Шыңғысхан Тәжікеев, «Қызық Times» бағдарламасының қоюшы режиссёрі:

- Форматы өте ерекше. Бұл жоба таңғалдырудан жалықпайды. Әр бағдарламасымен, әр қонағымен таңғалдырады. Әрбір қонақты жаңа қырынан көрсетуге тырысып жатады.

Жаңа маусымда көрермен назарына тек жаңа есімдер ғана емес, сонымен қатар «Қызық концерт» айдарымен арнайы шығарылымдар ұсынылады. Бұл жаңашылдық сүйікті әншілердің өнерін үйден шықпай-ақ тамашалауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама қонақтарының қатарында әкелі-балалы әншілер Жұбаныш пен Абик Жексен, сондай-ақ бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бар. 

Марат Оралғазин, «Қызық Times» бағдарламасының жүргізушісі:

- Алдағы уақытта түрлі жаңа айдарлар пайда болады. Әрине, әдеттегідей трендте жүрген қонақтар келеді. Әнші болсын, артист болсын, актер болсын, сонымен қатар осы маусымда экслюзивті арнайы шығарылымдар болады. Ол «Қызық концерт» атты арнайы шығарылымдар болады.

Көрермен көзайымына айналған бағдарламаның жаңа маусымы әдеттегідей  жарасымды әзіл, шынайы эмоциялар мен күтпеген кездесулерге толы болмақ. Алғашқы шығарылым жексенбі 30 наурыз күні сағат 20:00-де «Хабар» телеарнасында көрсетіледі.

Қарлығаш Қайыпбекова, Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев