«Бірлік формуласы»: 24KZ арнасы алты сағат бойы тікелей эфирде хабар таратты

  • 29
  • 01.05.2025, 16:07

Бүгінгі маңызды мерекені ақпараттық 24KZ арнасы кеңінен насихаттады. Алты сағат бойы тікелей эфирде қалың көрерменге Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы, достық қарым-қатынасын көрсетті. Студияда қонақта болған Ассамблея мүшелері мен мемлекеттік орган және түрлі қоғамдық ұйымдардың мүшелері ынтымағы жарасқан елде ғана берекелі өмір болатынын баса айтты. Тарихтағы қилы кезеңде тағдырларды тоғыстырған көпұлтты мемлекеттің мұндай құндылығы бүгінде шет елдерге де үлгі.  

24 KZ арнасында бұрын-соңды болмаған мерекелік телемарафон таңғы сағат 9:00-де басталды. «Бірлік формуласы» атты тележарыс Астанадағы екі бірдей көшпелі студиядан таратылды. Алты сағатқа созылған тікелей эфирді 18 жүргізуші тізгіндеп, 30 шақты қонақпен сұхбаттасты. Жер-жердегі тілшілер қосылып, ынтымақ күнін бірге ұлықтады.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Күллі қазақстандықтар ол марафонға біріншіден қосылып жатыр, теледидардан көріп жатыр. Бұл енді шын мәнінде біздің азаматтарымыз бұл Алматы қаласынан болсын, Шымкент, жаңа Түркістан қосылғанын көріп жатырмыз. Барлық өңірлер қосылып, осы Қазақстан халқының яғни осы бірлік күні маңыздылығы туралы айтып жатыр. 

Басты мақсат - еліміздің ең асыл құндылығы достық, ынтымақ және бірлікте екенін дәріптеу. Бұл 24KZ арнасындағы алғашқы телемарафон болғанымен, елдің басты ақпараттың арнасы түрлі жобаларды әзірлеп, көрермен назарына ұсынып келеді.   

Жасын Біркенов, 24 KZ телеарнасының директоры

-Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын кең көлемде атап өту керегін айтқан болатын. Сол себепті, 24KZ телеарнасы одан тыс қалған жоқ. Жарты жыл бұрын біз осы телемарафонға дайындықты бастап кеттік. Мамырдың 1-і, яки бүгін Бірлік күні символикалық мәні бар күнде өткізуді ұйғардық. Парламент депутаттары бар, Ассамблея мүшелері бар, басқалары бар, өңірлерден қосылғандары бар. Бас-аяғы 30 шақты сөз сөйледі. 

Ерекшелігі сол - аймақтардағы тілшілер қосыны, шетелдердегі әріптестеріміз және жаңалықтар қызметі тікелей эфирде жұмыс істеді. Студия әдеттегіден өзгеше форматта, ашық аспан астында, елорданың көрнекі орындарында ұйымдастырылды.  

Қайрат Советбекұлы, тележүргізуші

-Таза ауада жүргізген керемет әрине. Өзіндік бір вайб бар, өзіндік бір ерекшелік бар. Шынымен де, сен ар жақта көрерменді сезе алмайсың, ал мына жерде осы камераның артында жүрген көрермендерді сезіп, бір ерекше сезімде жүргіздік деп айтуға болады.  

Телемарафон барысында көпұлтты еліміздің тұрақтылығы мен татулығына бағытталған Мемлекет басшысының саясаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы, қолға алған игі істері, этномәдени бірлестіктердің қызметі, ортақ Отанының дамуы үшін түрлі салада еңбек етіп жүрген ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігі баяндалды. Сондай-ақ еліміздегі ұлттар бірлігі туралы насихаттап жүрген шетелдіктер де көрсетілді. Олардың арасында, Қазақстанда туып-өсіп, бүгінде Еуропа, Азия және Америкада тұрып жатқан жерлестеріміз де болды.
 
Бірлік пен татулық қана елді алға жетелейтінін Ассамблея өкілдері хабар барысында атап өтті.

Баян Ақатай, Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесі төрағасының орынбасары:

-Саяси тұрақтылық, экономикалық тұрақтылықтың барлығы тек қана бейбітшіліктің арқасында келеді. Егер сол біздегі бейбітшілікті барлығымыз жабылып қамтамасыз етсек, онда еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуі маңызды, серпінді күшке ие болады деп ойлаймын. Сондықтан осы бейбітшілікке шақырамыз. 

Телемарафон барысында айтылған пікірлердің дені - тұрақтылық орнаған елге ғана бақ қонады. Қазақ жерінде түрлі ұлт пен ұлыстың татулығы көп елге үлгі. Ендігі міндет - осы бір құндылықты дәріптеу, сақтау және ұрпаққа аманаттау.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейрамбек Қайыркелді, Азамат Саметов