«Келінжан» телехикаясының алтыншы маусымының түсірілімі басталды

  • 812
  • 02.05.2025, 18:40

«Хабар» телеарнасында «Келінжан» телехикаясы көрерменмен қайта қауышады. Шығармашылық топ сериалдың алтыншы маусымын түсіруді бастап кетті. Түсіру жұмыстары Алматы облысының Аққайнар ауылында жүріп жатыр. Жаңа маусымда 40 серия болады. Көрермен сүйікті телехикаясының жалғасын күзде «Хабар» телеарнасынан көре алады.

Араға біраз уақыт салып «Келінжанның» басты кейіпкерлері Аққайнар ауылында қайта қауышты. Әр күні қызыққа толы Күлімхан апаның шаңырағындағы оқиғалар баяндалады. Бес маусымға созылған туындының басты ерекшелігі шынайылығында. Көрермен картинадан өздерінің тұрмыс-тіршілігін сырттан бақылап, ауыл өміріне енеді.

Лейло Бекназар, театр және кино актрисасы:

- «Келінжан» сериалының көрермендерінің сұрауы бойынша біз алтыншы маусымды бастап кеттік. Халық сұрай бастады: «6-маусым басталыпты ғой, не жайлы? Айтып беріңізші, анау бар ма, мынау бар ма?», - дейді. Бірақ бұның бәрі әзірге жұмбақ күйінде қалуы керек.

Алтыншы маусымда телехикаяға жаңа кейіпкерлер де қосылады. Әсел Сағатова, Сая Оразғалиева, Хамит Ердехан ауылдың жаңа тұрғындарының образын көрерменге жеткізеді.    

Нұргүл Мыңғатова, актриса:

- Осы ауылды сағынамыз, келгіміз келеді. Жалпы «Келінжанның» атмосферасын сағынамыз, актерлар бір-бірін сағынады. Одан бұрын біз көрерменмен қауышуды сағынамыз. Олар қатты күтеді.

Алтыншы маусым 40 сериялы болады. Сондықтан шығармашылық топ күн-түн демей жұмыс істеуге сақадай сай тұр.

Гүлнұр Мамасарипова, «Келінжан» телехикаясының бас продюсері:

- Жаңалық өте көп. Алдын ала басын ашып айтпай-ақ қояйық. Жаңа маусымның өзі жаңалық қой. Ол жерде бұрыңғы маусымда болған дүниелер болмайтыны айдан анық. Көрерменді жаңа хикая күтіп тұр.

Қай маусымда болмасын шығарманың ең әуелгі міндеті үлкенді сыйлау, отбасы құндылықтарын насихаттау болатын. Телехикая авторлары осының барлығын көрерменге астарлы сөз, әдемі қалжыңмен жеткізе білді. «Келінжанның» алтыншы маусымы күзде «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Ұлан Нарынбек, Әлия Феликсқызы, Валентин Лобанов