Дәл осы мекенжайда елдегі тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті орналасқан.
Студенттік өмір - шынайы достық, асқақ арман мен махаббаттың тоғысқан әлемі. Университет қабырғасында дәріс оқыған ұстаздардың тәлімі өмірлік өнеге, тұлға болып қалыптасуға бастайтын сара жол. «Достық 13» телехикаясы сол қайталанбас сәттерді суреттейді. Картинада әдебиетті шексіз жақсы көретін, студенттерге білімі мен тәрбиені сіңіретін ұстаз Жұман ағайдың рөлін актер Бақытжан Әлпейісов сомдайды.
Бақытжан Әлпейісов, актёр, ҚР еңбек сіңірген қайраткері :
-Жалпы бұл роль мен үшін таңсық емес, мен өзім де Бақытжан Әлпейіс ретінде Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында сахна тілі пәнінен дәріс беремін. Сондықтан аудитория да таныс. Балалар да таныс. Бұл өзі өте әділ өте принципшіл, өзінің пәнін өте жақсы білетін ұстаз. Ұлағатты ұстаз деп осындай ұстаздарды айтуға болады деп ойлаймын. Соны бар ынта-шынтаммен көрсетуге тырысамын.
Телехикаяда негізгі оқиға төрт жігіт пен төрт қыздың төңірегінде өрбиді. Олардың бірі университетке ата-анасының арманымен келсе, екіншісі ұстаз болуды өмірлік миссиясы санайды, ал үшіншісі кездейсоқ келгендер. Бірақ оларды студенттік өмірдің бұлжымас қағидалары біріктіреді.
Жасұлан Көпберген, актёр:
-Менің кейіпкерім Диас анасының айтуымен Абай университетіне түседі. Басында қабылдағысы келмейді. Өйткені өзінің актер болғысы келетін арманы болады. Бірақ кейде арманның жетегінде жүріп, шынайы өзімізге не керек екенін жоғалтып аламыз ғой. Сондай болғанын өзі ұға бастайды. Достар табады, махаббатын кездестіреді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті елімізде ең алғаш құрылған жоғары оқу орны. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлы да дәріс оқыған. Телехикаяның сценарийінде ұлт ұстазының сабақ беру әдісі де қамтылған.
Азамат Ержанұлы, режиссёр:
-Тек қана студенттердің өмірі жатақхана бір қыз бен бір жігіттің ғашықтығы емес, бұл жерде тарих қамтылады, ішінде батырлар да бар. Қызық жағдайлар бар. Ахмет Байтұрсынұлының көретін студенттері бар. Соны да кейіпкер ретінде кіргіземіз. Бұл жерде бастысы студент тек қана студент болып 4-5 жылдың ішінде қамтыған дүниесін айтамыз.
Түсірілім тобы кинодағы дәстүр бойынша әдеттегідей тәрелкені сындырмай, бүтін қалдырды. «Бұл табысты, нәтижелі жұмыстың белгісі»,– дейді олар. 20 бөлімнен тұратын телехикая жаңа маусымда «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Сәтті болсын, құтты болсын!
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев