«Хабар» агенттігі ойынқұмарлық тақырыбында деректі фильм түсірді

  • 194
  • 30.05.2025, 18:33

«Хабар» агенттігі өзінің 30 жылдығы аясында маңызды әлеуметтік мәселелерді қозғайтын деректі фильмдер циклын жалғастыруда. Кеше ғана «Ставка на жизнь» атты кезекті туындының тұсаукесері өтті. Сәби Байбосынов авторлық жобасында ойынқұмарлық тақырыбына терең үңілген. Фильм нақты кейіпкерлердің бастан кешкен шытырман оқиғаларына негізделіпті.

Ерік пен Дәулет. Фильмнің басты кейіпкерлері осы екі азамат. Олар құмаройынның кесірінен талай қиындық көргенін ашып айтады. Мәселен, Дәулет бәс тігіп жүріп, 450 миллион теңгесінен айырылған.   

Сәби Байбосынов, деректі фильм авторы: 

-Бұл кейіпкеріміз бар болғаны екі жылда осындай қомақты қаржысын құмар ойындарына салып, жоқ қылған. Ал Еріктің лудоман болғанына 15 жылға жуықтаған. Ол мектепте оқыған кезінен онлайн казинода ойнаған. Екеу де ақшасынан, денсаулығынан, тіпті жақындарының сенімінен айырылған. 

Фильмде бұл ауыр дерттің казино мен букмекерлік кеңселерден асып, смартфон арқылы жастардың күнделікті өміріне еніп кеткені де көрсетілген. 

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы: 

- Парламент депутаттары осы сұраққа акцент қойып, бірнеше жылдан бері осы сұрақты көтеріп, біздер «Хабар» агенттігі жалпы қоғамда талқыланып жатқан нәрселерге мән беру керек екенін, өзімізге басты бағыт ретінде жоспарлап, осы күнде түрлі-түрлі әлеуметтік бағытта көтеріліп жатқан сұрақтарды бізде экраннан көрсетіп, көрерменге жеткізу біздің парызымыз деп танимыз. 

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

-Біз заңды қабылдағаннан кейін едәуір нәтиже бар. Қазір лудоманиямен емделетін азаматтардың саны азайған. Жарнама азайған. Шектеулер қойылған. Балалардың ойнауы азайған. Онымен қатар біз ең басты жұмысты жасадық қой. Барлық кеңселер мен казиноларды салық пен қаржы агенттігімен барлығын интеграция жасадық, олардың бәрін көріп отырмыз.

Сарапшылар Қазақстанда лудомандар саны 400 мыңға жуықтағанын айтты. Букмекерлік кеңселер мен казинолардағы қаржы айналымы триллион теңгеден асқан. 

Нұрлан Шайдуллин, аддиктолог:

-Біз жақындарымызға бей-жай қарамауымыз керек. Екіншісі, алдын алу, насихат, түсіндіру жұмыстары. Бүгінгі фильм сондай жобаның бір. Оны дайындағаны үшін «Хабар» агенттігінің ұжымына, шығармашылық топқа, жеке Сәби Байбусиновтың өзіне алғысымды білдіремін!

Туындыда құмаройын арқылы табысқа жету құр қиял екені нақты кейіпкер арқылы берілген. «Ставка на жизнь» деректі фильмі 8 маусым күні, сағат 21:00-де «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Едәулет Ыбырайұлы, Мұхамбеталі Тілдебаев