«Хабар» Агентігінің тапсырысы бойынша қолға алынған жоба еңбек адамы, туыстар арасындағы қарым-қатынас тақырыбын қозғайды.
Күнделікті өмірде айналамызда жүрген қарапайым еңбек адамдарына назар аудармаймыз. Олардың еңбегі қоғам үшін маңызды болса да, елене бермейді. Солардың бірі көше сыпырушылар. «Жарық күн» телесериалының негізгі сюжеттік желісі тазалықшыларды дәріптейді. Жұмысына жауапты, міндетін бар ынтасымен орындайтын қарапайым аула сыпырушының арманы қандай, не мазалайды? Фильмде басты кейіпкер Маржанның рөлін актриса Гүлнар Аманжанова ойнайды.
Гүлнар Аманжанова, актриса:
- Өте маңызды тақырып. Актриса ретінде шығармашылығымдағы жаңа бағыт деп айта аламын. Әлеуметтік қиындықтарға қарамастан өзінің адамгершілігін жоғалтпаған, мейірімді, әділ, кең жүректі қарапайым жұмысшыны сомдау – мен үшін мақтаныш.
Өзіне тиісті аумақты тазалай жүріп, біреуге әпке болып ақыл айтып, енді біріне әжелік өнегесін көрсететін, кейбірімен құрбы болып сырласатын Маржанның көңіл түкпірінде өз мұңы бар. Байлықтың буымен өзінен алыстап кеткен туған сіңлісі Раушанды көп ойлайды. Туыстар арасындағы қарым-қатынас – телехикаяның өзегі.
Толқын Сейдоллақызы, жобаның бас продюсері:
- Бұл драмалық жанрдағы жобада отбасылық құндылық, адамдардың бір бірімен қарым қатынасы, сатқындық, өшпенділік сол сияқты бір-бірін түсіну, сағыну, махаббат, ата-анаға деген құрмет деген сияқты адам бойындағы түрлі мінез құлықтарды да біз осы сериал барысында көрсетуге тырыстық.
Жобада тәжірибелі топ жұмыс істеуде. Ауқымды кастинг өткізіліп, қырықтан астам актер таңдалды. Олардың қатарында Қазақстанның театр және кино саласының танымал тұлғалары бар. 25 сериялы «Жарық күн» телехикаясы жаңа маусымда «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов