Астанада «Хабар» агенттігінің 30 жылдығына арналған «Хабар Summer» фестивалі өтті. Саябақта шеберлік сабағы ұйымдастырылып, ашық аспан астында фильм көрсетілді. Қонақтар тележүргізушілермен жақынырақ танысып, студиядан тыс хабардың қалай түсірілетінін тамашалады.
Фестиваль таңсәріден ерекше форматта басталды. Дәстүрлі студия орнына жүргізушілер көрерменмен табиғат аясында жүздесті. Көңілді атмосфера, жылы жүздесу мен еркін әңгіме бұл таңғы эфирді нағыз мерекеге айналдырды.
Дана Мырзатай, «Хабар» Агенттігі» АҚ атқарушы продюсері:
- «Оян» таңғы бағдарламасы жаңа форматта көрермендердің арасында өтіп жатыр. Фестиваль барысында түрлі бағыттар бойынша мамандар шақырылды. Ол медицина, психология, йога мамандары және қазір әншілер, бишілер адамдардың, көрермендердің, қала тұрғандарының көңіл күйін көтеріп жатыр. Адамдардың белсенділігі жоғары. Қала тұрғындары бізді қолдап жатыр.
Күннің екінші жартысында келген қонақтар караоке аймағында сүйікті әндерін шырқап, өзін сахна жұлдызындай сезінді. Ал флешмобтар мен би жарыстары мерекелік думанды одан әрі қыздыра түсті.
Сәуле Әбдуалиева, қала тұрғыны:
- Біріншіден, «Хабар» арнасына тілейтінім, жұмыстарыңыз берекелі болсын. Балаларға да, ересектерге де қызықты жобалар ұсынылды. Биші балалар талантымен тамсандырып, көрерменге ерекше көңіл күйді сыйлайды.
Кешқұрым саябақ ашық аспан астындағы үлкен кинотеатрға айналды. Көпшілік назарына сүйікті отбасылық комедия «Келінжан» фильмі ұсынылды. Жайлы орынға жайғасқан көрермен күлкіге қарық болды.
Несіпгүл Айдарқұлова, қала тұрғыны:
- «Келінжан» фильмінің біз жанкүйеріміз. Көбінде осы сериалды қайталап жатса да, біз қанша көрсекте біз үлкен қызығушылықпен көреміз. Бұл біздің қазақ салтын келінге деген ененің тәрбиесі және де осы бір отбасында 3 ұлдың әйелдері, абысындары бір-бірімен қалай араласады, біз қазақ отбасылар үшін керемет өнеге.
Сағыныш Әбікей, «Хабар» Агенттігі» АҚ тележүргізушісі:
- Бұл да бір жақындасудың заманауи форматы десе болады. Кешті көңілді өткізу мақсатында «Келінжан» кинофильмінің көрсетілімін ұсынып отырмыз. Бұл таза ауаға шығып, серуендеп жүрген көрермен үшін ерекше формат деп ойлаймын. Алда мүмкін масштаб кеңейе түсер. Одан бөлек бізде векториналық сұрақтар, әртүрлі қызықты ойындар ұйымдасырамыз. Сый-сияпат береміз.
«Хабар Summer» фестивалі экраннан тыс та өмір бар екенін еске салған жылы әрі әсерлі кездесу болды.
Диана Қадыр, Дархан Кунтуов