Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Дара» Президенттік бастамалар қоры Қазақстанның жетекші медиа ұйымдарының қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын табыстады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл үшінші жыл қатарынан журналистерге пәтер беру шарасы ұйымдастырылып отыр. Бұл – Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне деген үлкен қолдауы. Биыл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, режиссерлерге, операторларға, корректорларға және отандық медианың өзге де мамандарына беріледі. Сонымен қатар біз әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аудардық: пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуаныштымыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!», – деді Руслан Желдібай.
«Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерін баспанамен қамтамасыз ету бастамасын «Дара» қоры сәтті жүзеге асырып келеді. Қоғамға оң әсер ететін және азаматтардың әл-ауқатын жақсартатын жобаларды іске асыру – біздің негізгі құндылықтарымыздың бірі болып қала береді», – деп атап өтті «Дара» Президенттік бастамалар қорының жетекшісі Мұхамедқали Тауан.