«Жекпе-жек айтыс» эфирге қайта оралады

  • 11
  • 04.08.2025, 18:46

«Хабар» Агенттігінің 30 жылдығы аясында осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын көрерменнің көзайымына айналып, халықтың ықыласына бөленген бағдарлама қайта түсіріліп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен келген танымал ақындар сөз сайысқа түсіп, бас жүлдені сарапқа салады. Жобаның жаңалығы да аз емес. 

Жарық. Мотор. Камера. Жаңа жоба қызыл кілемнен басталды. Қазмедианың қақ ортасына ұзын кілем төселіп, еліміздің ең үздік 16 суырып салма ақыны ортаға шықты. Әрқайсысы қоржындағы жеребені алып, өз қарсыласын анықтады. Айтыс әділ әрі ашық өтуі тиіс. 

- Жекпе-жек деген үлкен жобада алғашқы айналымда ең мықты қарсылақса түсіп қалған екенмін. Бұйырғанын көреміз.

- «Асыл домбыра» иегері, «Алтын домбыра» иегерін жеңе алар ма екен?

- Оны білмеймін. Айтыстың арыстанын жеңу қиын. Бірақ жекпе-жекке жеңілемін деп келмейміз.

«Жекпе-жек» айтыс «Хабар» арнасының тарихында бұған дейін болды. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын көрерменнің ықыласына бөленіп, үлкен сұранысқа ие болған жоба. Сондықтан бұл бағдарламаға тағы да қатысуға арнайы тілек білдірген дүлдүлдер аз емес.

Рүстем Қайыртайұлы, айтыскер ақын:

- Иә, 22 жыл бұрын қатыстым. Ол кезде мен 15-16-дағы бозбала едім. 1-курс студентімін. Айбек Қалиев ағамызбен айтысқанмын. Ол айтыста жеңімпаз Ринат Зайытов ағамыз болған. Сол «Хабардың» «Жекпе-жегін» жеңгеннен кейін Ринат мега жұлдызға айналған болатын. Осы жолы тағы бір мега жұлдыздарды «Хабар» жарқыратып көрсетеді, бұйырса.

Ол рас. Себебі «Жекпе-жек» айтысының бұл жолғы телевизиялық нұсқасы өзгеше! Жобаны «Рух» этнотобы әуенмен әрлеп отырады.  Ал бағдарламаны  «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» ҚБ төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтай жүргізеді. Айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман бұл жолы қазылар алқасына төрелік етеді.

Жүрсін Ерман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бірнеше аптаға созылатын жекпе-жек айтыстың алғашқы шығарылымы түсірілді. Еркебұлан Қайназар мен Нұрлан Есенқұлов жекпе-жек айтыста сынға түсті. Екеуі де әбден сыналған, айтыстың өткелдерінен өткен жүйрік ақындар. Соған лайық жақсы, көркем әдемі ойлы айтыс жасады. Қазақтың салт-дәстүрге беріктігі туралы.

Еркебұлан Қайназар, айтыскер ақын:

- Құлдырауда жатқан кезінде дамытып, халыққа таратқан Жүрсін Ерман ағаларымыз сияқты қайраткерлер болса, негізгі ақпаратты таратушы басты арна осы «Хабар» арнасы болды. Айтыс өнерінің жалпы қара шаңырағы деп айтса болады. Себебі біз осы Хабар арнасынан әр сенбі, жексенбіде айтыс көріп өскен балалармыз барлығымыз.

Жобаға қатысушылар тың дайындықпен келген. Бекзат өнердің халық үшін де, оны телеарна арқылы көрертін қалың көрермен үшін де маңызды екенін біледі. Айтыс қыркүйектен бастап эфирге шығады. 

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Жалпы эфирде бір сағат болады деп жоспарлап отырмыз. Эфирдің ішінде 40 минут айтыс болады. Содан кейін әр қазылар алқасының пікірін тыңдағаннан кейін тағы 10 минут қосымша қайым айтыс болады.

Аманжол Әлтаев,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» ҚБ төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұған Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең мықты, ең жүйрік деген ақындарымызды таңдап алдық. 16 ақын. Бірінші кезеңге 16 ақын қатысады. Сол 16 ақынның ішінен жеңіске жеткен 8 ақын келесі кезеңге өтеді. Сол 8 ақынның ішінен қазылар алқасының ұйғарымымен үздік төрттік анықталады. Сол үздік төрттіктің ішінен жеңіске жеткен екі ақын осы жобаның ең соңғы финалында, ақтық сынында өнер көрсететін болады.

Жүзден жүйрік шыққан, яғни жекпе-жек айтыстың жеңімпазына демеуші тарапынан автокөлік табыс етіледі. Ал жобаға қатысқан өзге ақындар қаржылай сыйақымен марапатталады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Алуа Маханбет, Аян Сәрсенбай