«Хабар» Агенттігінің» 30 жылдығына арналған сюжеттер желісін жалғастырамыз. Бұл жолғы материал телевизиямен бірге жасаған қос ардагерге арналады. Бірі журналистикаға 40 жыл өмірін арнаған Тілеуқабыл Мыңжасар. Ал екінші кейіпкеріміз «Хабарда» ширек ғасыр еңбек еткен Ләззат Айтханқызы.
«Мен мамандығымды жан-тәніммен жақсы көрдім. Жұмысқа қуанып келіп, үйге тамаша көңіл күймен қайтатынмын. Мен үшін сюжеттің үлкен-кішісі жоқ. Әрқайсысының маңызы зор болды», - дейді Тілеуқабыл аға.
Ардагер журналист «Хабардың» алғашқы қазығы қағылғаннан еңбек етті. Кейіннен Алматы облысына меншікті тілші болып ауысып, Жетісу жерінен 20 жылға тарта ақпарат таратты. Айтуынша, осы жылдардың ішінде өңірді түгелдей аралап шыққан. Ол бармаған ауыл жоқ. Осында жүріп әртүрлі тақырыпта 5 мыңнан астам репортаж дайындаған. Алматы облысының халқы ол кісіні «Хабар аға» деп атап кеткен.
Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:
- Біздің қамтымаған тақырыбымыз жоқ. Дүниеде қандай нәрсе болса, біз соның бәрін жасадық. Мысалы, көшеге шықсаң, жолды көресін. Ал жол туралы мен қаншама материал жасадым. Мен қаншама ағаштар туралы материал жасадым. Мысалы, бүгін сәбилер дүниеге келді. Қаншама перзентханадан материалдар бердік.
Тілеуқабыл Мыңжасардың ұзақ жылғы еңбегі, тәжірибесі, пайымдары мен естеліктері «Жаһанды жаулаған жанр» деген атпен кітап болып басылды. Ол мамандыққа адалдықтың үлгісін сөзбен емес, іспен көрсете білген жан.
- Мен осы мамандықты 40 жылдан астам атқардық қой. Соның ішінде 26 жылы, 91 жылдан зейнеткерлікке шыққанша тілшілікті атқардым. Тілші ғана болдым. Мен басқа бір продюсер болып, болмаса, бас редактор болып, бастықтың орынбасары деген сияқты қызметтер атқармағам.
Ардагер журналист Ләззат Айтханқызы да өз кәсібінің шебері. 25 жыл «Хабарда» еңбек етті. Ол кісінің де ғұмыры тікелей жаңалықтармен байланысты. Тілшіліктен бастап тележүргізуші, шығарушы редактор, үйлестіруші редактор, продюсер қызметін мінсіз атқарды. Қазір зейнеткер сүйікті арнасын қалт жібермей қарап отырады. «Бұрынғы мен бүгінгінің арасы жер мен көктей. Оң өзгерістер өте көп», - дейді.
Ләззат Айтханқызы, ардагер журналист:
- «Хабардың» қазіргі жеткен жетістіктеріне риза болам. Жақсы бағдарламалар, танымдық дүниелер оның ішіндегі жастардың білімін, өнерін көрсететін жақсы жақсы дүниелер жастарға ұсынылып жатыр. Ол бір жағынан технологияның, цифравизацияның дамыған заманы деп айтуға болады.
«Телевизияның орны қашан да бөлек. Ол сенімді ақпарат көзі болып қала береді. Оқиғаның ортасында болған журналистің жазғаны орынды. Ал әлеуметтік желіде көбіне асығыс, үстірт беріліп жатады», - дейді Ләззат Айтханқы. Ал «Хабарды» тек биік белестерден көргісі келеді.
- Ұлы көштен қалмай, телевизия әлеміндегі ақпарат кеңістігінде «Хабардың» өзінің жеткен жетістігі бар. Сол аласармаса екен деймін. Хабарда жұмыс жасаған уақытымды мақтанышпен кейінгілерге айтып отырамын. Қазір қызығып, сүйсініп отырамын. «Хабарыма» тек жетістік тілеймін.
«Хабар» 30 жыл бойы журналистиканың «нақты, жедел әрі шынайы» дейтін үш қағидасынан ауытқыған емес. Біз соған қуанамыз. «Алдағы уақытта отандық телеөнімдер көбейе бергенін қалаймыз», - дейді қос ардагер.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев