«Хабар» арнасының үш онжылдығында талай білікті журналистермен бірге дикторлар да арнаның айбынын асқақтатты. Солардың алдыңғы сапында қос Қымбат та бар. Қымбат Досжан мен Қымбат Хангелдина дикторлық мектептің шырағын жағып, қазақ телевизиясының алтын дауысын сақтап қалған дара бейнелер. Арнаның ашылған алғашқы жылдарынан бері алтын қорын толықтырып, дикторлық мектептің қалыптасуына сүбелі үлес қосты.
1997 жылы Қымбат Досжан «Хабарға» алғаш қадам басты. Таңертеңгі «Сәлем, Қазақстаннан» басталған жолы кейін кешкі жаңалықтар мен түрлі мәдени бағдарламаларға жалғасты. Ал «Бармысың, бауырым» атты жүрекке жақын жоба бүтін бір буынның көңіл пернесін басқан хабарға айналды. Қымбат Досжан, тележүргізуші:
-Өзіңнің сүйікті ісіңе деген жауапкершілік ең бастысы. Мына тұрған эфир, мына тұрған объектив ар жағында қаншама миллиондаған отырған көрермен, тыңдаушыны сыйлау. Егер бойында табиғатынан берілген ең басты дикциясы, әуені, әуезді үні болса, ол адам өзі-ақ түсінеді. Бір ғана нәрсемен өмір сүре алмайтынын және өте алысқа шаба алмайтынын. Сондықтан ол өмір бойы өзіне өзі сыни көзқараспен қарап, жұмыс істеуі керек. Қымбат Хангелдина да «Хабардың» алғашқы буынының белді өкілі. 1998 жылы арнаға келіп, жүздеген тікелей эфирді жүргізді. «Вечерние новости», «Көзқарас», «Дилемма» сынды сан қырлы бағдарламаларда оның қолтаңбасы айқын көрінді. Салмақты жаңалық та, жеңіл әңгіме де, салтанатты эфир де қай сала болмасын түрленіп шыға келетін.
Қымбат Хангелдина, тележүргізуші:-Мен шын мәнінде телеарнаға кездейсоқ келген жанмын. Бірақ сол «кездейсоқтық» өмірімнің ең үлкен таңдауы болып шықты. Әр хабар, әр жаңалық - көрерменмен тікелей әңгіме. Сондықтан біз үшін сөздің анық естілуі ғана емес, оның салмағы мен мазмұны да маңызды. Осы талап бүгінге дейін менің кәсіби ұстанымым болып қалды.Қос Қымбатты тоғыстырған ортақ қасиет уақыт көшінен қалмай, үнемі ізденісте болу. «Эфирдегі әр сөздің салмағы, әр әріптің жауапкершілігі бар»,– дейді олар.
Қымбат Досжан, диктор, тележүргізуші:
- Эфир, телеэфир бұл жауапкершілікті 10 есе, 100 есе көбейтеді. Адамға деген өзіне-өзі деген бірінші сыйластық болса, бірінші сен көрерменді де сыйлайсың.
Қымбат Хангелдина, диктор, тележүргізуші:-Әрбір сөз дұрыс екпінмен айтылуы керек. Сөз ішіндегі әр әріп анық естіліп, түсінікті болуы қажет. Тілдің көркем, әдеби мәнерде шығуы жүргізуші үшін ең басты міндет.Арнаның алғашқы жылдарынан бірге жасап келе жатқан қос Қымбат - Хабардың тарихындағы ерекше есімдер. Уақытпен бірге үндесіп, эфирдің салмағын сезіне білген олардың әр дауысы тұтас кезеңнің куәсі, ал әр сөзі экран мәдениетінің өлшемі болып қалды.
Алуа Ералықызы, Эдуард Кон