Ақпарат айдынындағы іргелі арна «Хабарға» 30 жыл

  • 12
  • 11.09.2025, 18:51

Тәуелсіз еліміздің ақпарат айдынындағы іргелі арна «Хабар» агенттігіне 30 жыл. Осы уақыт ішінде арна ел шежіресін хаттап, көрерменімен бірге өсіп-өркендеп, ұлттық ақпараттық кеңістіктің алдыңғы қатарына шықты. «Хабар» агенттігінің жаңалықтар қызметі эфирге алғаш шыққан сәттен-ақ кең-байтақ қазақ даласының әр түкпірінен жедел әрі шынайы ақпарат тарату мақсатында өңірлік тілшілер қосындары құрылған болатын. Солардың бірі Павлодар облысындағы тілшілер қосыны. 

Бұл тоқсаныншы жылдардың бел ортасы еді. Адамдардың киімі де, қаланың келбеті де, тіпті өмірге деген көзқарасы да мүлде өзгеше болатын. Кеңестік кезеңнен қалған жаттанды есептер мен жоспарды асыра орындау дәстүрі келмеске кетіп, қоғам шынайы, өзекті мәселелерге бет бұра бастаған тұс. Осы кезеңде Павлодарда «Хабар» агенттігінің өңірлік тілшілер қосыны құрылды. Сол тұста алғашқылардың бірі болып микрофон ұстаған Күлпаш Қоңырова. Күлпаштың журналистер әулетінен шыққанын жерлестері жақсы біледі.

Күлпәш Қоңырова, «Хабар» агенттігінің бұрынғы меншікті тілшісі: 

-Менің өңірден дайындаған алғашқы материалым ол сынаппен ластанған Былқылдақ көлі туралы болды. Павлодардағы химия зауытының технологиялары әбден тозып, химия өндірісіне қолданылған сынап топыраққа сіңіп, жер асты сулары арқылы Ертіс өзеніне құйылуы мүмкін еді. Осы күрделі экологиялық жағдайға қоғамның назарын аудару мен үшін маңызды еді. Жалпы «Хабар» арнасы қоғамға жаңа көзқарас, жаңа леп әкелген революциялық арна болды.

Күлпаш Қоңыровадан кейін бұл жауапты істі Салауат Темірболатұлы жалғастырып, өңірлік журналистиканың кәсіби деңгейін жаңа белеске көтерді. Павлодар облысының жаңалықтары тек ресми ақпараттармен шектелмей, эксклюзивті репортаждар, арнайы жобалар арқылы көрерменге жол тартты. Көзіқарақты аудитория үшін өңір тынысы мен ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі дер кезінде көрсетіліп, журналистиканың қоғамдық маңызы арта түсті.

Салауат Игіліков, «Хабар» агенттігінің бұрынғы меншікті тілшісі: 

-Біз өте күрделі әлеуметтік мәселелерді көтердік. Соның бірі – студенттердің жатақхана тапшылығы. Мұның бәрі қаржыға тірелетін. Кейін бұл мәселе облыс деңгейінен шығып, Республика көлемінде биік мінберлерден айтылды. Павлодарда басталған жатақхана тапшылығына Қазақстан бойынша көңіл бөлініп, құрылысқа қаржы бөлінді.

Эфирге сапалы материал дайындау бір адамның ғана емес, тұтас ұжымның еңбегі. Кадр сыртындағы жанкешті жұмыс, жеделдік пен кәсібилік бәрі бір арнада тоғысқанда ғана көрерменге толыққанды дүние жетеді. Салауат Темірболатұлының туған бауыры Марат Игіліков те осы салада тер төгіп келеді. Ол Павлодардағы тілшілер қосынында оператор болып жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген білікті маман. Мараттың айтуынша, қазір техника дамып, жұмыстың біраз бөлігі жеңілдеген. Дегенмен нағыз шеберлік пен кәсіби көзқарас ешқашан мәнін жоғалтпайды

Марат Игіліков, «Хабар» агенттігінің телеоператоры:

-Әрине қазір заманауи технологиялар енгізілгеннен кейін жұмыс біраз жеңілдеді. Бұрын біз кассетадағы материалды эфирге үлгеру үшін әуежайға барып, жолаушылар арқылы жіберетінбіз.

Уақыт алмасқанмен, Павлодардағы тілшілер қосынының кәсіби рухы өзгерген жоқ. Басты ұстаным шынайы әрі жедел ақпарат тарату бағыты өз жалғасын табуда. Ел өміріндегі маңызды оқиғалар, өңір тынысы мен қоғамның өзекті мәселелері біздің назарымызда.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков