Тоқсаныншы жылдары «Хабарда» жаңалық таратудың жаңа дәуірі басталып, елде ақпарат кеңістігі кеңейе түсті. Агенттігінің алғашқы тілшілер қосыны 1995 жылы Шымкент қаласында құрылды. Оңтүстіктің тыныс-тіршілігі, саяси-экономикалық өзгерістері, әлеуметтік мәселелер мен оқыс оқиғалар дерегі, эфирден дер кезінде көрсетілуі үшін ұйымшыл ұжым үйлесімді жұмыс атқарды
Тоқсаныншы жылдары «Хабарда» аймақ жаңалықтарының легі артты. Жергілікті мәселелер республикалық деңгейде көтерілуі үшін өңірге меншікті тілші болып алғаш Қалыбек Атжан мен оператор Ағабек Қазанбай таңдалды. Олар тұтас Оңтүстік Қазақстан облысынан ақпарат таратып, тұрғындардың әлеуметтік және коммуналдық мәселелерінің шешілуіне мұрындық болды.
Ағабек Қазанбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері:
- Бүкіл облыста жалғыз корпункт болатын. Біз сонда үлгеріп жаттық. Айына 29, 31 сюжет береді екенбіз ғой. Оның сапалы болуына, эфирден сәулеленіп өтуіне жауапкершілікті сезінесің.
Елдің мұңын жеткізген «жаңалықтарға» көрермен қауымның сенімі артып, тілшілері де қадірлі бола түсті. Кейіннен қосынға Әбдез Рахманұлы, Ерсұлтан Әмірбек, Ольга Каплина, Татьяна Напольская, Инна Сова мен Лилия Шаймарданова сияқты талантты мамандар тартылды.
Әбдез Рахманұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ ОҚО бұрынғы меншікті тілшісі:
- Өңірдегі «менмін» деген журналист, оператор, монтажер «Хабар» агенттігінде жұмыс істегіміз келетін дейтін. Өйткені техникалық тұрғыдан ең жақсы құрал, құрылғылар бізде болатын. Екінші «Хабар» агенттігіндегі ұжымның атмосферасы өзгелерге қарағанда басқа.
Лилия Шаймарданова «Хабар» Агенттігі» АҚ ОҚО бұрынғы меншікті тілшісі:
-Менің өңірде қызмет атқарған көптеген әріптесім Астанада абыроймен жұмыс істеп жүр. Хабардың меншікті тілшісі болып еңбек еткен адамға кез келген жауапты істі сеніп тапсыруға болады. Олар үлкен тәжірибе мектебінен өткен.
Аймақтың материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай жаңарып келеді. Жаңалықтарды сапалы әрі жедел жеткізу үшін тікелей қосылымдар қолға алынды.
Аймақтық журналистикада тілшілер сабақтастығы сақталған. Аға буынның жолын, олардан тәлім алған біздер жалғап келеміз. «Хабардың» қалыптасқан өзіндік мектебі шеберлікті шыңдауға зор мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов, Бекжан Оразалиев