Алматыда «The Voice Қазақстан» мегажобасының түсірілімі басталды

  • 11
  • 16.09.2025, 19:45

Бұл әлемнің 180-нен аса елінде сәтті жүзеге асқан халықаралық музыкалық тележоба. Төрткүл дүниені таңғалдырған шоу 11-ші қазаннан бастап «Хабар» телеарнасында көрерменге жол тартады. Өнер додасына қатысуға 2 мыңға тарта адам өтініш білдірген. Соның 65-і «көрмей тыңдау» кезеңіне өтті. Енді олар тәлімгерлердің құлақ құрышын қандыра ән шырқап, өнерімен өзіне қаратуы тиіс.

Соңғы үлгімен жабдықталған студия. Сапалы жарықшамдар. Айналмалы креслолар. Осының бәрі әлемдік мегашоудың талабына сай жасалған. «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін «The Voice Қазақстан» ел ішінен таланттарды іздейді. Шоудағы басты ерекшелік – «көрмей тыңдау» кезеңі. Яғни тәлімгерлер үміткердің түрін көрмей, дауысына ғана баға береді. Мұндай тәсіл арқылы әділ таңдау жасауға әрі өнерпаздың музыкалық әлеуетін шынайы бағалауға болады. Үздік дауыс иелерін Байғали Серкебаев, Баян Мақсатқызы, Бағым Мұхитденова, Turar және Мейрамбек Бесбаев бірге таңдайды. 

Мейрамбек Бесбаев, «The Voice Қазақстан» жобасының тәлімгері:

- Сарапшылардың, менотрлердің әңгімелерін естіп, әрі қарай қанаттанатын, шабыттанатын шығар деген ниетпен жастармызды, керемет әншілерімізді күтудеміз. Біздің ел талантты ел екенін білесіз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қазір таланттар келіп жатыр. Соның бәрін тыңдап, өздеріңіздің бағаларыңызды бірге шешеміз деген үміттеміз.

 

Белгілі әзілкеш, актер Тұрсынбек Қабатов үміткерлердің қолдаушыларымен сұхбат өрбітеді. Осы жобаның продюсері және режиссері Айгүл Ақсамбиеваның айтуынша, қазір мегашоудың франшизасына әлемнің 70-ке жуық елі ие.

Биыл «The Voice» жобасына 15 жыл. Бірегей жобаны қазақстандықтар да жақсы біледі. «Хабар» телеарнасы тасада жүрген талай таланттың бағын ашатыны шүбәсіз.

 

Айгүл Ақсамбиева, «The Voice Қазақстан» жобасының продюсер-режиссёрі:

- Жобалардың бірі емес, бірегейі және оның ерекшелігі – таланттарға мүмкіндік беретін, әлемге танылуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Жеңімпаз барлығының көңілінен шыққан бірегей талант болады деп ойлаймын және ондайлар бізде бар. Біздің қатысушыларымыз керемет талантты бұрындары телевизиялық конкурсқа қатысқаны бар, қатыспағаны бар, тың жаңа есімдер де бар. Сондықтан қызықтарға мол болады деп ойлаймын.

Қазақстандық танымал музыкант, пианист Байғали Серкебаев жобада ең үздіктерді таңдауға атсалысады. Өзі де талай шәкірт дайындаған. «Орындаушы шығарманы жан-тәнімен сезініп, әннің сөзіне мән беріп айтуы тиіс. Сонда ғана тәлімгерге жетеді», - дейді. 

Байғали Серкебаев, «The Voice Қазақстан» жобасының тәлімгері:

- Маған ең бірінші кезекте әншінің шығарманы қалай орындағаны маңызды. Яғни бар күш-жігерін, жанын сол әнге салуы керек. Өзін толық көрсетуі тиіс. Дауыс мәнері, вокал, нотаға түсуі бәрі есептеледі. Өнер адамын мінез-құлқы жағынан ерекшелеп тұратын бір қасиеті, харизмасы болса, тіптен тамаша. Мұндай өнер иелері сахнаға ерекше сән береді. 

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- «The Voice Қазақстан» жобасына 16 мен 59 жас аралығындағы орындаушылар қатысып жатыр. Әндердің жанрында шектеу жоқ. Мегашоу   11-ші қазанда «Хабар» телеарнасынан көрерменге жол тартады. Желтоқсаннан бастап көпшілік тікелей эфирде дауыс беру арқылы жеңімпазды анықтайды. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев