«Хабарға» 30 жыл: жаңалық жаршысы

  • 12
  • 17.09.2025, 19:55

Бірі аудармашылық қызметте, екіншісі аймақ тілшісі міндетін мінсіз атқарғандығымен талайға үлгі.   

Такура Жақсыбай арнамыздың жылнамасын жақсы білетін ардагерлеріміздің бірі. «Хабар» ұжымына Алматыда қосылып, кейін Астанаға ауысқанда да еріп келіп, зейнет жасына дейін еңбек еткен. Өзі қызмет атқарған жылдары аудармашылықпен айналысты. Ел өңірлерінен түскен журналистердің мәтінін қазақ-орыс тілдеріне аударып, эфирге дайындады. Ол тәржімалаған мәтіндер аудармашының емес, журналист жазғандай дайын дүние болып шығатын. Жаңалықтардан өзге, «Хабардың» құрамында құрылған «Ел арна» мен «Каспионет» телеарналарына да материал әзірлеуге атсалысты.

Такура Жақсыбай, «Хабар» телеарнасының ардагері:

- Мысалы, бір съездер кезі болсын немесе бір форумдар кезі болсын, «Хабарда» түнеп қалған кездеріміз болды. Мен келген жылдары Президенттік пул болған жоқ. Сондықтан Президенттің жүрген жерлерінен сол жергілікті журналистер хабар жіберетін еді де, біз оны осында тез-тез кешкі эфирге беру үшін асығып, аударатынбыз. Сонда менің есімде қалған бір оқиға болды. Президент Қызылордаға барғанда қазақ тілінде сұхбат берді. Мен ол кезде синхрон аудару тәжірибем жоқ еді, қатты толқыдым. Сол күні түнімен уайымдап, ұйықтамай шыққанмын. Жақсы болыпты әйтеуір.

Такура Жақсыбай аудармамен ғана емес, шығармашылықпен де айналысты. Арнамыздағы бірнеше айтулы жобада оның қолтаңбасы бар. Сондай-ақ ол халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, есімдері, болмысы туралы жазылған «Қазақша үйренейік» кітабының авторы. «Бұл да «Хабардағы» бірлікке құрылған ұжымның арқасы», - дейді.

Такура Жақсыбай, «Хабар» телеарнасының ардагері:

- «Хабарда» бір-біріне деген бауырмалдық, кішіпейілділік бар. Адамдардың арасында сондай қарым-қатынас. Олай дейтін себебім, менің зейнет демалысына шыққаныма 8 жыл болды. Бұрынғы әріптестерім, өзімнен екі мүшел кіші қыз-жігіттер хабарласып, жағдайымды біліп тұрады. Хабардан шығып кеткен, қазір Сенатқа жетіп жатқан бұрыңғы әріптестерім бар. Олардың бәрі де ылғи хабарласып тұрады. 

Енді бірер жылдан кейін Каспий теңізінің Кендірлі шығанағында Қазақстанда баламасы жоқ, халықаралық талаптарға барынша сай жаңа демалыс орны ашылады.

Бұл  «Хабардағы» Гүлмира Әбішева. Біздің арнадан эфирге шыққан сюжеттері арқылы көрерменге танылды. Қалың жұрт оның киелі Маңғыстау өңірінен талай жыл хабар таратқанын жақсы біледі. Себебі ол көтермеген мәселе аз. Өлкедегі жұртшылық көкейіндегі мәселесін айту үшін Гүлмираны іздейтін. Кейін ол журналистік қызметін мемлекеттік қызметпен ұштастырып, менеджмент саласына ойысты. Ақтау қалалық мәслихатының депутаттығына сайланды. Дегенмен «Хабардағы» жұмысын бақытты кезеңге балайды.

Гүлмира Әбішева, «Хабар» Агенттігі» АҚ Маңғыстау облысындағы бұрынғы тілшісі:

- «Хабар» агенттігінің менің қызмет жолымдағы, жалпы өмір жолымдағы алатын орны ерекше. Үлкен мектеп болды. Каспийдің ішінде адам баспаған сонау Құлалы деген аралдар бар. Онда жалғыз адам тұрады екен. Соны көру үшін, немен айналысатынын білу үшін барғанбыз. Сюжет жасау үшін қаншама шақырым жерге барып, көлігіміз бұзылып қалып, жаяу жүрген кезіміз, жаңбырдың астында қалып қалған кезіміз болды. Сол жас кезіміз ғой, өзіміздің үйіміз жоқ. Жұрттың баспана мәселесін көтеріп, соларға баспана алып беру жолдарын әкімдікке жеткізіп, билікке жеткізетін күндер де болды.

Олар көпжылдық еңбегін арнамыздың дамуына арнады. «Хабармен» бірге өздері де кәсіби деңгейін өсіріп, елге танылды. Қос кейіпкеріміз «Хабарды» адамгершілік, адалдық, елдік мүдде мен жауапкершілік құндылықтарын дәріптейтін ұжым ретінде жоғары бағалайды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков, Қайрат Ақтөреев