1995 жылдан бері өңірлердегі тілшілер қосынында бірнеше буын ауысты. Әрқайсысы ақпарат таратып қана қоймай, сол арқылы өзекті мәселелердің шешілуіне де сеп болып жүр. Соның бірі – Атыраудағы тілшілер қосыны.
Хабарлықтар ардагерлерін ешқашан ұмытқан емес. Телеарнаның облыстағы меншікті тілшісі боп 20 жыл еңбек еткен Виктор Сутягин бүгінде құрметті зейнеткер. Әріптестері жиі келіп, көрісіп тұрады. 2000 жылдары жұмыс істеген ол арнаның дамуына елеулі үлес қосты. Өзекті мәселелерге биліктің назарын аударды.
Виктор Сутягин, «Хабар» агенттігі» АҚ ардагері:
-«Хабардағы» 20 жыл мен үшін түрлі тағдырлы жандармен кездесуге берілген мүмкіндік. Әр адам менің өмірде өз өрнегін салды. Телеарна өңірдегі түрлі мәселелердің шешілуіне атсалысып, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созуға жол ашты.
2002 жылы жұмысқа орналасқан Темірлан Сұлтанғазиев Хабар арнасында 21 жыл еңбек етті. Осы уақыт ішінде арнамен бірге өсіп, жетілген тәжірибелі маман қазір жеке кәсіппен айналысады. Хабардағы қызықты шақтарын бүгінде сағынышпен еске алады.
Темірлан Сұлтанғазиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы операторы:
-Жаңалықты түсіреміз кассетаға. Оны монтаждаймыз. Оны монтаждап болғаннан кейін Алматыдағылар тексереді. Тексттер бізге факспен келеді. Факс дегенді қазір көп жас білмейтін шығар. Факспен алып, оны тексеріп, дайын материалды біздер деген ол кезде самолетпен жібереміз пассажирлардан «алып кетіңізші, алып кетіңізші, мынау Хабардан» деп.
Бүгінде журналист Арыстанбек Кенжені білмейтіндер кемде кем. 20 жыл бойы Хабар арнасында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі тілші қазір жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп жүр. Өңірдегі әр мәселені зерделеп, дер кезінде көрерменге жеткізіп келеді.
Арыстанбек Кенже, «Хабар» Агенттігі» АҚ меншікті тілшісі:
-Қазір Хабардың ұстап отырған саясаты, бұл кез келген журналист бүгінде өзінің материалын әлеуметтік желілерге жүктей алады. Сол арқылы қоғамның назарын аударады және сол арқылы қоғамда болып жатқан өзгерістерге журналистің өзі араласа алады. Бұл бүгінгі біз еңбек етіп жатқан Агенттіктің басты ұстанымының бірі ғой деп ойлаймын.
«Хабардың» өңірлердегі тілшілер қосынында материалдық-техникалық база жыл сайын жаңарып жатыр. Жаңалықты сапалы әрі уақытылы жеткізуде мүмкіндігі зор.
«Хабардың» мына микрофоны – ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Өйткені ардагерлердің ізгі жолын бүгінде біз секілді жастар жалғап келеді. Бұл өткенді қадірлеп, болашаққа сеніммен қараудың айқын көрінісі. 30 жылдың тарихы бар телеарна бүгінде білікті мамандардың ұстаханасына айналды.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Айбек Байзақов