Бұрынғы «Хабарлық» деген болмайды – тілші

  • 10
  • 22.09.2025, 19:52

Еліміздің әр аймағында құрылған тілшілер қосыны бүгінде білікті кадр дайындайтын ұстаханаға айналған. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының қызметкерлері де бар. 

«Хабар» агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосыны 2000 жылы құрылды. Өңірден ақпарат таратқан меншікті тілшілердің бірі – Артем Истомин. Ол кейін арнаның бас кеңсесіне ауысып, Президенттік пулда жұмыс істеді. 30 мемлекетте болып, бірнеше ел басшысынан сұқбат алды. Қазір мемлекеттік қызметке кетсе де, сол жылдарды ерекше сезіммен еске алады. 
 
Артем Истомин, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі: 

-Бұрынғы «Хабарлық» деген болмайды. Бұл арна адамдарымен құнды. Өте ұйымшыл ұжым. Олар үшін кез келген асу алынады. Менің жүрегімде «Артем Истомин, Төлеген Иманов «Хабар» Петропавл» сөздері мәңгі қалады.  

Төлеген Иманов. Петропавлдағы қосынның ең алғашқы операторы әлі күнге дейін «Хабарда» жұмыс істеп келеді. Бірнеше халықаралық саяси іс шараны түсіріп, өзі де тілші ретінде талай рет тікелей эфирге шықты. Ал 2021 жылы арнамыздың түсіру тобын сауда үйінен күшпен шығарып жібергенде күзетшілермен соттасып, БАҚ өкілдерінің құқығын қорғап шықты. 

Төлеген Иманов, «Хабар» Агенттігі» АҚ телеоператоры:

-Болған оқиға бәріне сабақ болды. Қазақстанда журналистердің құқығы қорғала бермейді. 158-інші баптың үстемдігі жоқ. Бірақ, біз бұл қағиданы бұзып, сотты жеңіп шықтық. Соңынай дейін барып, әріптестерімізге жол көрсеттік.

Петропавлда жұмыс істеген тағы бір әріптесіміз – Меруерт Палмаханова. Ол осында Ақмола облысынан келіп, кейін мемлекеттік қызметке ауысты. 2009 жылы Көкшетау қаласында тілшілер қосынын ашып, ақпарат таратты. Өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың ыстық ықыласына бөленген маман.   

Меруерт Палмаханова, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі: 

-«Хабар» маған не берді? «Хабар» көп нәрсе берді. Жалпы шығармашылық тұрғыдан, адами тұрғыдан көп өзіме қажет нәрсені алдым. Хабардан кеткеніме биыл 10 жылдан аса уақыт болды. Әлі күнге дейін біздікілер деп сөйлеймін.

Меруертпен бірге Көкшетауда Евгений Шинкоренко жұмыс істеді. Көзі қырағы телеоператор бұл қызметті әлі күнге дейін абыроймен атқарып келеді. Ұжымда сыйлы, әрі өзін жауапты маман ретінде дәлелдеген азамат.  

Евгений Шинкаренко, «Хабар» Агенттігі» АҚ телеоператоры: 

-«Хабар» телеарнасында тұрақтылықты қалайтын адамдар жұмыс істейді. «Хабар» мен үшін өмір. Қалған ғұмырымды да онсыз елестете алмаймын.

«Хабар» агенттігінің аймақтағы қызметкерлері арнаның айнасына айналған. Олар әр өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, билік басындағыларға бүкпесіз баяндап келеді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы