«Хабар» ардагерлері өткен күнді сағынышпен еске алады

  • 16
  • 25.09.2025, 19:49

Олар өздері қызмет ететін аймақ жайлы баяндап қана қоймай, маңызды, өткір мәселе көтеріп, олардың оң шешілуіне барынша атсалысып келеді. Солардың қатарында Қарағанды облысының тілшілері де бар. Бүгінде индустриалды өңірдегі қосында ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлер «Хабарға» қатысты пікірін бөлісіп, өткен күндерді сағынышпен еске алады.

Қарағанды облысында «Хабар» агенттігінің тілшілер қосыны 1997 жылы ашылды. Белгілі журналист Ерлан Жаңабеков алғашқы тілшісі болды. Екі жылдан соң Мәскеуге меншікті тілші болып ауысуына байланысты оның орнына Владимир Магай келді. Сол кезден бастап жер аумағы өте үлкен, өндірісті аймақта 15 жыл қызмет етті. 

Владимир Магай , «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:

-Ол кездегі жабдықтарды қазіргімен салыстыруға келмейді. Қазір түрлі сандық технология көмегімен жұмыс жедел атқарылады. Бізде таспаға түсіретін камера, қарапайым монтаж үстелі болды. Бірақ жұмыс өз алдына қызықты еді. Күнде бір жаңалық ашқандай болатынбыз. Мемлекеттің енді аяққа нық тұрып, өңірлер еңсесін енді тіктей бастаған кезі. Жаңалықтар, өзгерістер көп еді.

Телевизия ұжымдық жұмыс. Эфирге ұсынылған әр кадрдың сыртында біраз адамның қажырлы еңбегі тұр. Қарағандыдағы тілшілер қосынының тарихында тәжірибелі телеоператорлар Алексей Васильев пен Василий Савкиннің ұзақ жылғы еңбегі ерекше. 

Василий Савкин, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы телеоператоры:

-«Хабар» телеарнасына келгенде мені Алматыға оқуға жіберді. Ол жақта білікті мамандардан дәріс алдық. Телеоператор жұмысының қыр-сырына қанықтым. Телеарнада әр түсірген кадр материалдың мазмұнын ашып, өзектілігін жеткізуі тиіс. Осы ұстаныммен ұзақ жыл еңбек еттік. 

Ал қазақтілді тілшілер сапында белгілі журналистер Серік Әбдуәлі, Мирас Мұқаш қызмет етті. 

Ең ұзақ уақыт қазақ редакциясында меншікті тілші болған Ардақ Қабыханов. 2008 жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейін 15 жыл қызмет етті.  Үнемі ел ішінде жүріп, түйткілді мәселелерді көтерді. Оның басым дені кейін шешімін тауып жататын. Ауыл-аумақтағы жұртшылық Ардақты сол үшін жақсы көріп, тіпті редакцияға хабарласып арнайы сұрататын.

«Хабар» агенттігінің Қарағандыдағы тілшілер қосынында ұзақ жыл қызмет еткен тағы бір әріптесіміз Марина Золотарева. Өңірге қатысты жаңалықтардың, талай тарихи өзгерістердің бел ортасында жүрді. 

Марина Золотарева, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:

-Пандемия кезіндегі жағдай есімде ерекше қалды. Індет ел арасына тарап, әріптестеріміз де ауырып жатты. Бірқатары өз жақынын жоғалтты. Жұмыс ғимаратында бір өзіміз ғана қалдық. «Қаңтар оқиғасы» кезінде де интернет болмай, телевизиялық станция көмегімен сағат сайын эфирге шығып, өңірдегі ахуалды баяндадық. Осындай тарихи сәттерге толы «Хабарда» қызмет еткен жылдарым әрдайым жүрегімнің төрінде. 

«Хабар» агенттігінің Қарағандыдағы қосынында еңбек еткен әріптестеріміздің бірі Әлия Сыздықова. Кейін ол Франциядағы меншікті тілші болды. Еуропа төрінде қызмет істей жүріп, маңызды жаңалықтарды жариялады. Қазақстан мен Франция арасындағы мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды насихаттауға атсалысты.
 
Әлия Сыздықова, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:

-Мен үшін «Хабар» әлемге есік ашты. Бастапқыда Қарағандыда түрлі телеарналарда тілші болдым. «Хабарға» ауысқан соң өңірдің барлық ауыл-аймағын аралап, тыныс-тіршілігімен етене-жақын таныстым. Кейін мені Франциядағы меншікті тілші етіп жіберді. Осылайша бала күнгі арманым орындалды. «Хабар» мен үшін еліміздегі үлкен телеарна ұжымы ғана емес, өмір мектебі. 

Қарағандыдағы тілшілер қосынында Айнұр Әбдиева, Дәуренбек Бақдәулет, Юлана Чаус есімді әріптестеріміз де біраз жыл табысты қызмет етті. Бүгінде тілшілер қосыны соңғы үлгіде жабдықталған. Қазір жастар легі жұмыс істейді. Ел аралап, халықтың мәселесін билікке жеткізу немесе қуанышына ортақтасу – тілшілердің үйреншікті ісі. Арнамыздың әр маманы осы ұстанымға берік болуға тырысады.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит