Атап айтқанда, пойыз ішіндегі шынайы өмірді баяндайды. Сериал шытырман оқиғаға толы. Жанры комедия болғанымен, онда драмалық көріністер де болады. Жобаны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша JANA MEDIA продюсерлік орталығы түсіріп жатыр.
«Жолдар» - әзірге еліміз бойынша теміржолшыларға арналған алғашқы сериал. Бұған дейін дәл осы сала жайында кино түсірілмеген. Жоба авторлары осылай деп отыр. «Жолдар» 15 бөлімнен тұрады. Негізгі оқиға жаңадан поезд бастығы болып келген Асхат деген жас жігіттің төңірегінде өрбиді. Ол бұрынғы басқару жүйесін бұзып, жаңашылдық енгізуге ұмтылады. Ал оған ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан жолсеріктер көнгісі келмейді.
Алмат Сақатов, актёр:
-Ойнайтын кейіпкерім Ринат деген жігіт 30 жылдан астам жолсерік болып жұмыс істеген. Поездың бастығы боламын деп дайындалып жүрген адам. Одан бір жаңа жігіт келеді. Содан екеуіміз қырылысамыз мен оның аяғын шалғым келеді. Қуып жібергім келеді. Коллективтің бәрін өзіме қаратып алып, кедергі жасайтын сондай бір қызық-қызық оқиға негізі сценарий күшті маған қатты ұнады.
Осы жаңа маусымда «Хабар» телеарнасы көрерменге жұмысшы мамандығын дәріптейтін екі жаңа сериал ұсынады. Бірі «Жолдар» болса, екіншісі «Жарық күн». Ол коммуналдық сала қызметкерлеріне арналған.
Дана Мырзатай, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар директоры:
-Жалпы жолдар телехикаясын таңдаған себеміз менің ойымша бізде поезбен жүрмеген адам жоқ шығар немесе олар аз. Сондықтан бұл телехикаяда көрсетілген кез келген оқиға кез келген адамға таныс.
Қазіргі уақытта еліміздің теміржол саласында 100 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жылына 300 млн тоннадан көп жүк тасымалданады. 13 млн адам поезбен жүреді. Сондықтан оның ең маңызды қатынас құралы екені анық. Руслан Жалғасбай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ оңтүстік филиалының директоры:
-«Хабар» телеарнасына, кейіпкерлерге және бүкіл шығармашылық топ осындай маңызды жобаны жүзеге асырғаны үшін алғысымды білдіреміз. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елде теміржол мен оның адамдарына арналған заманауи фильмдер түсірілмеген.
Жобада басты рөлдерді Дидар Төлеген, Аделина Ерғалиева, Алмат Сақатов, Еділ Анарбаев, Гүлшат Тәкежанова бастаған актерлар ойнайды. Оған қоса теміржол мамандарының өздері түсетін эпизодтар да бар.
Әділет Жұмабек, режиссёр:
- Бұл жобаны біздің көрермендер көрген кезде осы біздің жолсеріктеріміздің өмірі қандай екенін білетін болады және де күнделікті мысалы сапарға шыққанда жолсеріктеріміздің ойында не жүретіні олардың расындағы қарым-қатынасы қандай екендігі соның бәрін көре алатын болады.
Сериал 1,5 ай түсіріледі деп жоспарланған. Түсірілім тобы оның басым бөлігін жолда яғни, поезда өткізеді. Қазір шығармашылық топ қызу жұмыс үстінде. «Жолдар» көп ұзамай «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.
Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон