Тимур Қамашев – спорт эфирін қалыптастырған тұлға

  • 8
  • 02.10.2025, 19:47

«Хабар» агенттігінің 30 жылдығына орай біз қазақстандық телевизияның дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалар туралы кезекті сюжетке кезек берсек. Бүгінгі кейіпкеріміз – спорт журналисі, әрі продюсер Тимур Қамашев. Ол ұзақ жылдар бойы арнаның спорттық хабар тарату бағытын қалыптастырып, өз қолтаңбасын қалдырған. 

Бұл өмірінің шамамен 30 жылын спорттық журналистикаға арнаған тұлға. Тимур Қамашев 2000 жылдардың басында «Хабар» агенттігіне келіп, елде бұрын-соңды болмаған жобаларды жүзеге асырды. Оның жетекшілігімен эфирде алғашқы толыққанды футбол шолулары «Идём на футбол», «Тотальный футбол» және «С футболом по жизни» бағдарламалары жарық көрді. Осылайша отандық спорт тұңғыш рет телеэфирде заманауи, жарқын әрі ауқымды сипатта көрініс тапты.
 
Тимур Қамашев, спорт журналисі:

-Біз ол кезде Алматыда жұмыс істедік. Маған продюсерлікпен бірге режиссерлік, бағдарламаны жүргізу және оның медиа тұсын дамыту сеніп тапсырылды. Басқа арналарда да талпыныстар болғанымен, халықаралық деңгейге жақын бағдарлама жасауды «Хабар» ғана жүзеге асыра алды. Себебі мұнда техникалық мүмкіндік, интеллектуалдық әлеует және кәсіби кадрлар жеткілікті еді. Сол кезеңдегі ең мықты журналистердің басым бөлігі осы агенттікте шоғырланған.

Тимур Қамашевтің жетекшілігімен «Хабарда» футбол матчтарының, Олимпиада ойындарының, әлем және құрлық біріншіліктерінің тікелей көрсетілімі қайта жанданды. Ол қазақстандық көрерменге «FIFA Football Mundial», «УЕФА Чемпиондар лигасының күнделігі», «Олимпиадалық журнал» секілді халықаралық жобаларды таныстырды. Соның нәтижесінде спорт редакциясы рейтингтің алдыңғы орындарынан көрініп, елдің назарын өзіне аударды. Алайда оның еңбегі тек эфирмен шектелген жоқ. Ол спорт журналистеріне арналған байқаулар мен Суперкубок матчтарын ұйымдастырып, бүгінде дәстүрге айналған бастамаларға жол ашты.

Тимур Қамашев, спорт журналисі:

-Бағдарлама сәтті шығып, көрерменнің зор қызығушылығын тудырды. Бізден қолтаңба сұрап, көшеде танып жататын. Футболшылар, бапкерлер мен клуб басшылығы бізді ерекше құрметтеді. Кейде тіпті рейтингтің көшін де бастаған кездеріміз болды.
 
Ерен еңбегі үшін Тимур Қамашев көптеген марапатқа ие болды. Соның ішінде 2011 жылы ФИФА президенті Йозеф Блаттердің өз қолымен табыс еткен естелік сағат та бар. Бүгінде ол спорт саласында еңбек етуді жалғастырып келеді: жағажай футболын дамытуға атсалысып, деректі фильмдер түсіріп, сценарийлер жазып жүр. Ал «Хабар» көрермендері үшін ол спортты экран арқылы халыққа жақындатқан, спорт журналистикасына жаңа серпін берген тұлға боп қала береді. Оның еңбегі мен тәжірибесі агенттік тарихында алтын әріппен жазылып, спорттық журналистиканың жаңа буынына бағдар болады.

Дана Әлиева, Зарина Қусанова, Мейірбек Беспаев