«Хабар» агенттігінің 30 жылдық тарихына өлшеусіз үлес қосқан майталмандардың бірі әрі жарық жұлдызы – Дана Нұржігіт. Көрерменнің көзайымына айналған Дана Өмірбайқызы біздің арнамызда жаңалықтарды тізгіндеп, бағдарламалар жүргізді. «Хабар 2» арнасының ашылу салтанатында биік ғимараттың басынан түсіп, көрерменге сүйінші жаңалықты жеткізген де, алғашқы жүргізушісі Дана Нұржігіт еді. Оның «Қазақтар» деп аталатын бағдарламалар циклі көпшіліктің көзайымына айналса, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысы жас ұрпақты тәрбиелеп, тіпті республикалық жастар қозғалысына айналды десек артық емес. Әр сұхбатында өткір әрі өзекті тақырыптарды көтерген журналист медиа қауымдастық ортасынан шыққан алғашқы сенатор. Бүгінде ол – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері.