23 қазан күні Қазақстанның ақпарат кеңістігінде айрықша орны бар «Хабар» агенттігінің құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде арна ел өміріндегі ең басты оқиғаларды көрерменге дер кезінде жеткізіп, ұлттық журналистиканың мектебіне айналды. Агенттіктің алғашқы іргетасын қалап, шығармашылық ұжымның қатарында еңбек еткен тұлғалардың бірі – Тілеуқабыл Мыңжасар.
Көрермен мен әріптестері оны «Хабар аға» деп құрметпен атайды. Ол Алматы облысындағы меншікті тілші болып ұзақ жыл қызмет етіп, ел тынысын жеткізген. Мерейтой қарсаңында әріптестеріміз ардагер журналистпен жүздесіп, өткен жылдар мен бүгінгі күн туралы әңгімелесті.
Белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар агенттік құрылған алғашқы күннен бастап «Хабарда» еңбек етті. Құр атақ пен бос мақтанға масайрап, басшылық қызметке қызықпаған тілші құрметті демалысқа шыққанша қолынан қағаз-қаламы мен микрофонын тастамады. «Мінеки, жақында төл арнамыз өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл мен үшін де зор қуаныш», – деді ол.
Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:
-Құдайға тәубә дейміз, 30 жылдың ішінде агенттік үлкейді, жан-жақты дамыды. Осындай мерекенің жақындап келе жатқанының қарсаңында қайта-қайта эфирге шақырып бізді, сұхбат алып, «өткен шақтарды еске алыңыз, қызықтарыңызды айтыңыз» деп қолқа салып жатыр жігіттер, әріптестерім. Соған мәз болып, мінеки, бізді ұмытпапты, келіп, біз туралы хабарлар жасап жатыр деп, оған да бір қуанып қаламын.
«Хабардың» қалыптасуына бір кісідей еңбек сіңірген ағамыз бүгінде Алатау баурайындағы алып шаһар Алматының іргесіндегі жеке саяжайында тұрады. Бау-бақша егіп, үй құстарын өсірумен айналысады. Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:
-Саяжайлық үйде тұрғаннан кейін Алматының сырт жағы, әдемі жер, өзіме ұнайды. Өзім еңбек еткен аймақ. Жетісу деген жерді мен өзім қатты жақсы көремін. Тауық та ұстаймыз, ешкі де ұстауға тура келеді кейде, сондай-сондай қызықтар, үйрек, күшік асырайды балалар. Оларды қызықтап, олардың қызықтағанын мен қызықтап, сөйтіп өтіп жатқан өмір.
«Хабарда» Тілеуқабыл Мыңжасарды телевизия саласындағы ұстазы санайтын қыз-жігіттер көп. Еділ Ермекбаев, Қайрат Атакелдиев, Қуаныш Түргенбаев сияқты таспагерлеріміз де ағаның жанында көп жүрді. Ал Әділхан Сахариев Талдықорғанда Тілекеңмен бірге 15 жыл қызмет етті.
Әділхан Сахариев, «Хабар» Агенттігі» АҚ шығарушы редакторы:
-Сол 15 жыл бойы біраз жерлерге бардық, көп репортаждар жасадық. Талай қызық оқиғаларды бастан кештік. Жалпы айтқанда Тілекең адами жағынан көп нәрсе үйретті. Жұмыс барысында да ұстаз болды деуге болады. Жалпы Тілекеңді көп іздейтін. Мысалы, қарапайым халық алыс-алыс шалғай ауылдардан келетін. Кәдімгідей хат жазатын. Хабар-аға деген атаққа ие болды халықтың арасында былай айтқанда.
Тілеуқабыл Мыңжасар – қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарып жүрген кезінде оның «Жаһанды жаулаған жанр», «Хабар-аға және оның қалжыңдары» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Қасиетті Түркістан өңірінде туып-өскен ардагер журналистің шаңырағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бейнеленген суреттер ілініп тұрады. Бұл оның өмірлік ұстанымын, туған өлке тарихына, мәдениетіне деген құрметін айғақтайды.
«Уақыттан асқан жүйрік жоқ» демекші, менің де «Хабарға» келгеніме ширек ғасырға жуықтап қалды. Сондықтан «Хабар» өмірімдегі үлкен мектеп болды деп нық сеніммен айта аламын. Агенттіктегі барша әріптестерімді алда келе жатқан 30 жылдық мерейтоймен құттықтаймын!
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов