Ақтөбеде «Хабар» арнасының тілшілер қосыны 28 жыл бұрын ашылған

  • 10
  • 08.10.2025, 19:47

Аймақтардың тынысын «Хабардың» меншікті тілшілері соңғы отыз жылда мүлт жіберген емес. Мәселен, Ақтөбеде арнамыздың тілшілер қосыны 28 жыл бұрын ашылған. Бүгінге дейін өндірісті өңірдің тыныс-тіршілігі туралы ондаған маман бұқараға баяндап келеді.

 «Хабар» арнасының Ақтөбе облысындағы алғашқы меншікті тілшісі – Мұрат Дүмбаев. Тәжірибелі маман еңбек жолын Ойыл аудандық газетінде бастаған. Кейін Атыраудың облыстық телеарнасын ашуға үлес қосып, бас редакторы болған. Ал 1997 жылы «Хабар» агенттігінің Ақтөбе облысындағы тілшілер қосын алғашқы ұйымдастырушысы, меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. 

Мұрат Дүмбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:

-Менімен бірге сол кезде оператор Серік Ахметов жұмыс істеді. Сол кез қызық еді. Біз түске дейін түсіреміз кемшілікті, түстен кейін бізге сол кемшіліктің қорытындысын «жойылды» деген, қолы қойылған мекеме басшыларының немесе акиматтың білдей қағазын әкеліп беретін. 

1998-2005 жылдар аралығында тілші болған белгілі журналист Бақыт Жаншаеваның әріптестер арасында «зымырандай ұшқыр» деген ерекше лақап есімі болған. Ақпаратты елден бұрын әрі нақты жеткізіп жүргені үшін берілген. Сол замандағы техниканың мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, «кешкі жаңалықтарда Ақтөбеден соңғы деректерді айтып отыратынбыз» дейді. 

Бақыт Жаншаева, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:

-Хабардың сол кездегі меншікті тілшілері, әсіресе өңірдегілер халықтың үні, құлағы, һәм көзі болдық деп толық айта аламын. Өйткені ол кез енді қазіргідей ұялы телефон жоқ, байланыс құралдарының нашар кезі ғой және халықтың әлеуметтік жағдайы өте ауыр кезең болды. Соған қарамастан халық «Хабарды» іздеп келетін. Маған хаттар еліп жататын «Ақтөбе. "Бақыт Жаншаеваға» деп.

Елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, өңірдің жаңалығын жария ету мақсатында жүздеген бейнесюжет дайындаған алдыңғы буынның ізін Максим Воронцов пен Нұргүл Қонақбаева, Ардақ Сағидолла сияқты журналисттер жалғады. 

Тарихты таспаға түсірген телеоператорлар Серік Ахметов, Болатбек Молдағалиев, Александр Ной, Александр Степаненко, Айнадин Молдабеков болды. Бұл бейнесюжеттің де авторлары:

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов