«Хабар» агенттігінің 30 жылдық тарихында телеарнаның дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалар аз емес. Солардың бірі - ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасын қалдырған танымал тележурналист Ғани Жәпішов. Ол 2011-2019 жылдар аралығында «Хабар» арнасында күндізгі, қорытынды жаңалықтар мен апталық-сараптамалық бағдарламаны жүргізді. Шығарушы редактор, продюсер, сценарист ретінде де еңбек етті. Әсіресе оның авторлығымен шыққан «Үкімет пен әлеумет», «Жаңа қоғам» әлеуметтік-экономикалық бағдарламасы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Ал 2022-2024 жылдар аралығында Ғани Өтепбайұлы «Ақтөбе» телекомпаниясының директоры қызметін атқарды. Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Нью-Йорк киноакадемиясында «Тележурналистика» бойынша білім алған. Отандық телевизияның дамуына сүбелі үлес қосып, бүгінде ақпарат және медиа-коммуникация саласындағы еңбек жолын табандылықпен жалғастырып келеді.