«Хабардың» Қостанайдағы тілшілер қосыны: 27 жылдық тарих

  • 18
  • 09.10.2025, 19:39

«Хабар» агенттігінің Қостанайдағы тілшілер қосыны осыдан 27 жыл бұрын ашылды. Содан бері көзі қарақты көрермен аграрлы аймақтың тыныс-тіршілігін біздің эфирден үзбей көріп келеді. Алғашқы күннен бастап алыс ауылдардан хабар таратқан ардагерлер әлі де қатарымызда. Тілшілер қосынының құрылу тарихы жайлы олардың да айтары бар. 

«Хабар» агенттігінің Қостанайдағы тілшілер қосыны 1998 жылы ашылды.  Алғашқы меншікті тілші Валентин Лосев болды. Ал 2000 жылдан бастап бұл қызмет Игорь Нидерерге жүктелді. Қаламы жүйрік журналист 17 жыл бойы аймақ тынысын республикаға таратты. Облыстың шалғай ауылдарын түгел аралап, он алты елге іссапарға шықты. Ондаған мың сюжетті эфирге шығарды.

Игорь Нидерер, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:

- Ол уақытта қазіргідей интернет пен ұялы телефон жоқ. Сюжеттің мәтінін факспен Алматыға жіберу үшін поштаға барып кезек күтеміз. Әрине, ол біздің кәсіби маман болып қалыптасуымызға үлкен әсер етті. «Хабарда» қызмет еткен жылдарымды қазір сағына еске аламын. Себебі онда өз ісіне шынайы берілген мамандармен бірге табысты жұмыс істедік. 

Тілшілер қосынында алғашқы күннен табан аудармай қызмет етіп келе жатқан маманның бірі – телеоператор Сергей Трахтенберг. Небары 23 жасында «Хабардың» табылдырығын аттаған ол телеарнамен бірге өсті. 

Сәтті кадр үшін от пен судан тайынбайтын маманның еңбегі ерен. Әсіресе, былтырғы су тасқыны кезінде оқиға орнынан түсірген кадрлары елдің есінде. 

Сергей Трахтенберг, «Хабар» Агенттігі» АҚ телеоператоры:

- Алғашында техниканың барлығы қарапайым еді. Кассетамен жұмыс істейтін бейнекамера ұстадық. Материалды Алматыға радио желісімен жіберетін едік. Ал қазір ондай бейнет жоқ. Сюжетті бір ғана компьютердің көмегімен монтаждап, жедел жібереміз. 

Бүгінде тілшілер қосыны ең озық құралдармен жабдықталған. Заманауи техникалар елсіз, байланыссыз жерлерден де хабар таратуға мүмкіндік береді. «Төтенше жағдайлар кезінде ондай сәттер жиі болып тұрады», - дейді меншікті тілші Мағауия Қалиев. 

Мағауия Қалиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ меншікті тілшісі:

-Әулиекөл ауданындағы алапат орман өрт кезінде одан кейінгі оңтүстік аудандардағы су тасқыны кезінде апталап жатып сол жерлерде жұмыс істеген кездеріміз аз емес. Мысалы, төтенше жағдайларға байланысты жағалай жарық өшіп, жарық болған жоқ. Байланыс болған жоқ. Міне, сол кезде біздің «Хабар» телеарнасы сол жерден дер уақытында тез хабар таратып отқан. Өйткені жылжымалы телевизиялық станцияның көмегімен сағат сайын эфирге шығып жағдайды дереу жеткізіп отырдық. 

Агенттіктің 30 жылдығына орай жақында телеарнаның тілшілер қосыны тағы да жаңа техникалармен толығады. Дегенмен «Хабардың» басты құндылығы уақытпен санаспайтын қызметкерлері екені даусыз. 

Елдос Кәкенов, Наталья Строкова, Ермек Мухамедьяров, Сергей Хаймин