«Хабар» агенттігінің 30 жылдық тарихында телеарнаның дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалар аз емес. Солардың бірі – ұлттық телевизияның мақтанышына айналған, эфир мәдениетінің символы, кәсіби дикторлық мектептің көрнекті өкілі Қымбат Досжан. Оның қазақ телевизиясындағы еңбек өтілі 40 жылдан асады. 1997 жылы ол «Хабар» арнасына келіп, «Сәлем, Қазақстан» таңғы бағдарламасынан бастап, халық жүрегінен орын алған «Бармысың, бауырым» сияқты жобаларды жүргізіп, шығарушы редактор, ұйымдастырушы продюсер қызметтерінде табанды еңбек етті. 1998-2016 жылдар аралығында, яғни 18 жыл бойы кешкі жаңалықтарды тізгіндеді. 2021 жылы Қымбат Досжан «Балапан» телеарнасының директоры қызметіне тағайындалып, балаларға арналған контентті дамытуға жаңа серпін берді. Ол – Ақпарат саласының үздігі, Үркер сыйлығының иегері. Қазір «Qonaev Media» телерадиокомпаниясының бас продюсері. Олардың кәсіби мұрасы – «Хабардың» бүгінгі биігінің іргетасы.