«Хабар» телеарнасының ел шығысындағы тілшілер қосыны осыдан 22 жыл бұрын ашылып, содан бері аймақ тынысынан сіз бен бізді үздіксіз құлағдар етіп келеді. Ұлылар шыққан өлкедегі әрбір іс-шара ақпарат сақшыларының назарынан тыс қалған емес. Әріптестеріміз талай қордаланған әлеуметтік мәселенің түйінін тарқатуға да түрткі болғаны рас.
«Хабардың» ел шығысындағы қосыны ең алдымен Өскеменде, соңынан Семейде ашылды. Абай елінен хабар тарату жауапкершілігі журналист Болат Көкенайұлына жүктелді. Бұдан бұрын Алматыда шыңдалып келген маман үшін бұл іс таңсық емес еді. Болат Көкенайұлы екі жыл елдің оңтүстігінен ақпарат таратты. Шет ел шебінде, Париж төрінде жүріп те тер төкті. Ауылдағы ағайынды да ұмытпады. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Үржардағы Шолпан ауылын гепатит дендеген кездегі медициналық ахуал туралы дайындалған репортаж барысын журналист ерекше еске алады.
Болат Көкенайұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:
- Анасының көз жасы қайтыс болған баланың әлі күнге дейін менің жүрегімде тұр. Соны қалай шешсек екен, қалай оған көмектессек ол ауылда таза су да жоқ, жол да жоқ ауданға жеткізетін жедел жәрдем ақылы екен, бес мың теңге бермесең бензин құймасаң апармайды мысалы, көп мәселере шықты біз арқылы арқылы. Осының арқасында ол ауылға жол да салынды су да тартылды кезінде вакцина жоқ деген еді гепатиттен вакцина да табылды. Жедел жәрдем көлігі де шешілді соған ықпал етіп себепкер болдық.
«Хабар» ұжымында еңбек еткендер арасында белгілі журналист Олжас Керейхан де бар. Замандасымыз агенттік құрамында ашылған алғашқы тәуліктік «24kz» арнасының тұңғыш шығарушы редакторлар қатарында болды. «Тәуліктік арнаның арынына төтеп беру бәрімізге үлкен сын болған еді»,– дейді ол.
Олжас Керейхан, «Хабар» агенттігі» АҚ бұрынғы меншікті тілшісі:
-Кей күндері тіпті редакцияға қонып қалған кездер де болды. Мына EXPO көрмесі өтетін кезде Парижде ашық дауыс берген кезде Жігер Сәрсен мен Артем Истомин екеуі сол жерде Парижден тікелей эфирге шықты. Ертеңінде таңертең Александр Аксютец пен Арман Сейітмамыт сол кездегі арна директоры бәрімізді жинап құттықтап, бірінші тікелей эфирге шықтық деп, тарихи сәт қой қалай дегенмен сол есімде қапты.
Бүгінде Олжас Керейхан тек тілшілік тірлігімен ғана емес, ақындық қырымен де танымал.Камераның түр-түрін арқалап, тау-тасты аралап келе жатқан видеоператор Дмитрий Пыхтин қосын ашылғалы бері табан аудармай талай жаңалықты таспалады. Тілші мен оператордың мақсаты үйлесіп, үндескен кезде ғана ұтымды материал күтуге болады дейді ол.
Дмитрий Пыхтин, «Хабар» Агенттігі» АҚ телеоператоры:
-Осыдан 22 жыл бұрын облыстық телеарнадан «Хабар» арнасына ауыстым. Бұл менің өмірімдегі үлкен бір белеске көтерілген кез болды. Әр күн сайын бір жаңалық түсіру, оны бейнетүсірілім арқылы жеткізе білу өте маңызды. Тілші мен оператордың жұмысы бір-біріне тәуелді. Мақсат бір-жаңалықты тез әрі нақты жеткізу.
Үлкендердің сара жолын өңірдегі тілшілер абыроймен жалғастырып келеді. Абай мен Шығыс Қазақстан облысында жалпы 5 тілші еңбек етіп жүр.
Алдыңғы буын кездескен кездескен техникалық қиындықтың соңғы жағын біз де көрдік. Дегенмен цифрлық технология заманымызға енгелі бері көп дүние жеңілдегені рас. Дайын материалды жеткізу үшін ешқайда сабылып керек жоқ, мінеки бір тетікті бассақ болды. Осылайша көп нәрсе өзгерді, әлі де өзгереді, тек журналистік қызметке деген адалдық пен жауапкершілік өзгермесі анық.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин