Осы «Хабар» агенттігі жеткен жетістіктің артында үлкен ұжым шығармашылық топ тұр. Телеарнаның қалыптасуына еңбек еткен ардагерлер мен олардың ізін жалғап жатқан әріптестерімізге бүгін арнайы құрмет көрсетілді. Зейнетке шыққан және аймақтардан хабар таратып жатқан қазіргі қызметкерлер «Хабардың» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
«Хабар» агенттігінде дәл қазір бір мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өткен отыз жыл ішінде қаншама мың талант еңбек етіп, көрерменге тың туындыларын ұсынып, жедел ақпарат таратты. Телесериал мен кино, арнайы жобалар жасалды. Сол шығармашылық топ бүгін Астанада бас қосты.
Бүгін құрметке бөленген әр адаргер «Хабардың» ғана емес, қазақ тележурналистикасының дамуына, ұлттық ақпарат кеңістігін кеңейтуге, мемлекеттік идеологияның нығаюына себелі үлес қосқан жандар.
Тілеуқабыл Мыңсарұлы, «Хабар» агенттігінің ардагері:
-«Хабардың» ең алғашқы күнінен жұмыс істеген ардагер тілшілердің біреуі мен ғой. Мен үшін 30 жылдың орны тіптен бөлек. Жастық шағым, ең әдемі кездерім соның барлығы ойыма оралып қуанып тұрмын.
Ағабек Қазанбайұлы:
-Бүгінгі көңіл күйім өте керемет. Арнайы шақырылғаныма мен қуаныштымын. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. «Хабар» өсе берсін.
«Хабардан» түлеп, қанат қаққандардың еске алып айтар естеліктері көп. Олар арнада еңбек еткен жылдары түрлі қызметті абыроймен атқарып, көрермен көңілінен шығар телеөнімдерді ұсынды.
Ләззат Сапақова, «Хабар» арнасының тілшісі:- 30 жылдықтың 25 жылында мен «Хабарда» жұмыс істедім. Алғашында сіздер секілді микрофон ұстап тілші болдық. Жаңалықтардың жүргізушісі болдым мен. Одан кейін аймақтық тілшілер қосынының үйлестіруші редакторы болдым.
Бүгінгі салтанатты шарада аймақтарда қазір жұмыс істеп жатқан әріптестерімізде марапатталды. Олар да өздеріне артылған редакциялық міндетті абыройман атқаруда.
Гүлжан Көленқызы, Алматы филиалының тілшісі:- Соңғы рет тікелей эфирде жұмыс жасағаным есіме түсіп тұрғаны: Қайрат пен Реалдың кездесуі. Бір апта бұрын туристердің келуінен бастап қаланың дайындығын көрермендерді ақпаратпен қамтып отырдық.
Арыстанбек Кенже, Атырау облыстық филиалының тілшісі:
-Менің өзім Атырауда қызмет етіп жатқаныма 20 жылдан асыпты. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалға Мұнайлы аймақ ретінде ол жердегі адамдардың жағдайы экология мәселесін көтердік, Жайық мәселесі.
Мағауия Қалиев, Қостанай облыстық филиалының тілшісі: - Хабардың 30 жылдығына бізді елеп жатқанына басшыларға да көп рақмет айтамыз. Мен өзім Қостанай астықты өңірде 15 жылдан артық «Хабар» тілшісі болып істеп жатырмын. Біраз мәселені телеарна арқылы көтеріп, шешім табуына септігін тигіздік.
Қалам ұстаған тілшілер қауымы қашанда ақжолтай жаңалықтың басында жүреді. Ел үшін маңызды әр ақпарат олардың жіті назарында.
Айта кетейік «Хабар» агенттігі құрылған сәтте шағын құрамдағы шығармашылық топ Алматыда жұмыс істеді. Кейін өңірлерден филиалдары ашылды. Қазір 18 аймақта тілшілер қосыны бар. Оның сыртында шетелдегі әріптестеріміз тағы бар. Яғни «Хабар» 30 жылда ақпарат саласының әмбебап жасағына айналды.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин