Бүгінде «Хабар» агенттігінің тілшілері әлемнің 14 елінен тікелей ақпарат таратады. АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Қытай, Түркия және Малайзия секілді мемлекеттерде қызмет етіп жүрген әріптестеріміз сол елдердің тұрмыс-тіршілігіне бейімделіп, ақпарат ағымының алдыңғы шебінде жүр.
12 жыл бұрын «Хабар» арнасында Владислав Цой кешкі жаңалықтарды орыс тілінде жүргізген. Ал 2014 жылдан бастап алғашқы тілші болып Оңтүстік Кореядан екі тілде ақпарат тарата бастады. «Хабар» агенттігі басқарма төрағасымен бірлесе отырып, ол Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хеден Сеулдегі резиденциясында сұхбат алған.
Владислав Цой, тілші / Оңтүстік Корея:-«Хабарға» деген алғысым шексіз, өйткені «Хабар» маған үлкен сенім білдірді. Осылай жүреміз қалаларды аралап, 1 күнде 2-3 қаланы аралаппыз. Мысалы, біздің делегациямыз келгенде бірінші қала Сеул мысалы, екінші қала Тэджон қаласы, үшінші қала қандай қала болуы мүмкін Ансан қаласы. Мені осында барлығы Оңтүстік Корея азаматы деп ойлайды. Бірақ мен кәрісше сөйлессем немесе ағылшынша орысша сөйлессем, сұрайды қай елден келдің деп. Сосын Қазақстаннан деп айтсам олар таңғалады
Владислав Цой Солтүстік және Оңтүстік Корея басшылары арасындағы барлық саммиттерді, сондай-ақ Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның Вьетнамдағы кездесуінен ақпарат таратты.
Ал Қытайдағы «Хабар» арнасының тілшісі Руслан Бақытбекұлы соңғы екі жылда 20-ға жуық провинцияда болып, қазақ-қытай ынтымақтастығы жайында 500-ден астам сюжет дайындаған.
Руслан Бақытбекұлы, тілші /Қытай/:
-Олардың ішінде Мемлекет басшысының екі бірдей сапары туралы материалдар әзірледік. Одан бөлек, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитері сияқты әртүрлі сала бойынша форумдар, кездесулер, инвестициялық келіссөздер жөнінде жасадық. Алғашында біраз қиындықтарға тап болғаным рас. Қарапайым тамағының өзіне үйрену оңай болған жоқ. Соның ішінде ең қиын болған сәт, үйренуге талап еткен ол мынау ресми сұқбат жазу. Кез келген ақпаратты алу, кез келген адамнан сұқбат жазу кейде бір апта болуы мүмкін, кейде одан да көпке созылып кетуі мүмкін. Дегенмен, оған да үйрендік.
Руслан Бақытбекұлы – ақпарат саласының үздігі. Ол Президент жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталған. Ал Оңтүстік Кореядан ақпарат тарататын тілшіміз «Алтын Жұлдыз» сыйлығының «Ең үздік тележурналист» аталымы бойынша жеңімпазы. Екеуі де шетелде жүріп, еліміздің имиджін нығайтуға үлес қосып жүрген кәсіби маман.
Диана Қадыр