Бұл шағын ұжымнан халықаралық деңгейдегі медиа құрылымға айналған алпауыт. «Хабар» агенттігі өзінің 30 жылдық тарихында ақпараттық саясатты ең сенімді жеткізуші, саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттаушы құрал екенін дәлелдеді. «Хабардың» тележобалары мен сериалдары көрерменнің көзайымына айналса, шынайы әрі ресми ақпараттары көпшіліктің сенімінен шықты.
Осыдан тура 30 жыл бұрын қазақстандық көрермен жаңа арнамен танысты. Жас арнаның алдына қойған мақсаты айқын, көтерген мәселелері өткір, техникалық құрал-жабдығы заманауи болды. Олар алғашқы болуға ұмтылды. Алғашқы болып-оқиға орнынан тікелей эфирге шықты, алғашқы болып алыс шет елден ақпарат таратты, алғашқы болып сериал түсірді. Тіпті алғашқы болып ғарышпен байланыс орнатты.
«Хабардың» дамуы мемлекеттің өркендеуімен қатар жүрді. Ел астанасы Ақмола қаласына көшірілген жылы осында агенттіктің филиалы ашылды. Телевизия саласына 1969 жылы келген Тұрсын Ыдырысқызы, сол ұжымның негізін қалаушылардың бірі.
Тұрсын Ыдырысова, «Хабар» агенттігінің ардагері:
-Бес адам болып жұмыс бастадық. 22 қазан 1997 жылы приказ шықты. Осы жақта «Хабар» ұйымдасты. Махат Қабенович біздің директор болып келді. 2015 жылы Алматыдан шығарып салды. Филиал ашылды сосын. Барлық кадрларды өзіміз қалыптастырдық, өзіміз шақырып алдық, өзіміз жинадық, өзіміз үйреттік міне осылай.
Бүгінде «Хабар» агенттігі – екі телеарнадан тұратын медиаотбасы: негізгі телеарна «Хабар» және тәулік бойы жұмыс істейтін ақпараттық арна «24KZ». Ал кезіндегі ауыр камералардың орнын заманауи техникалар, кассеталарды цифрлық бағдарламалар алмастырып отыр.
Самал Кәдірімбекқызы, жаңалықтар бөлімінің режиссері:
-Бұрын BHC, AMX, DVC кассетасы болсын, соларды құшақтап алып эфирге жүгіретінбіз. Солай құлап жатқан қыздар да болды. Жолда құлап, қайтадан жинап, жүгіріп жүрген қыздар да болды. Қазір ондай емес, ана жақтан журналистер дайындап жіберген материалды міне «dalet» деген программамыз бар. Соны мына жақтан қабылдап, яғни халыққа қазір келіп түскен ақпаратты дәл қазір беруге мүмкіндігіміз бар.
Біз елдегі қызықты оқиғаларды, өткір мәселелерді Қазақстанның кез келген түкпірінен жеткізе аламыз. Себебі агенттікте Қазақстан бойынша, тіпті жақын және алыс шетелдерде тілшілер желісі бар. Ал біздің жобалар көрерменнің көкейінде.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
-Мысалы, «Келінжан» деген сериалымыз бар. Cover Show деген музыкалық бағдарламамыз бар. «Қызық times» бағдарламасы бар. Олар да қазіргі кезде осы бүгінгі көрерменнің аузында десек болады. Елде айтылып жүреді. Бізге көптеген көрермендер, қоғам мүшелері сол бағдарламаға қатысуға болады ма деген сұраныс көп. Сондықтан сол қазіргі жасап жатқан жобалар да ел аузында. Сонымен қатар бүгінгі кезде күнделікті шығып жатқан «Кешrec», «Жекпе-жек. Айтыс» олар да ауқымды бүгінгі жобаларымыздың бірі десек болады.
«Хабардың» тележобалары әлеуметтік желіде де сұранысқа ие. Біздің сайттқа 8 млн-нан астам жазылушы тіркелген. Ал жылдық қаралым 600 млн-нан асады.
Зейін Әліпбек, «Құрмет» орденінің иегері:
-«Хабар» бүгін қалай айтқанда да еліміздің телевизия саласында медиа нарықта өзінің орны бар телеарна. Оны кез келген сарапшы, кез келген маман оны мойындайды.
«Хабар» бүгінде мыңнан астам адамға жұмыс беріп отырған үлкен ұжым. Бүгіннен бастап, сол ұжымның тағы бір 30 жылдық тарихы басталды.
Алуа Маханбет, Мейірбек Беспаев