«Жарық күн»: еңбек пен отбасы құндылығын дәріптеген телехикая

  • 78
  • 29.10.2025, 19:47

Кеше ғана экранға шыққан фильмнің бірінші бөлімін YouTube желісінен 10 мыңға жуық адам тамашалапты. Отбасылық құндылық пен қарапайым еңбек адамын дәріптеуді мақсат тұтқан телехикаяның алдағы бөлімдері көрермендерді бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. 

Телехикаяның бірінші бөлімі үлкен қаладағы алып компанияның қызметкерлері арасындағы мансапқа таласпен басталды. Басты кейіпкер Назар өзі ақкөңіл болғандықтан өзгеден жаман ниет күтпеді. Оның қателігі – қызмет деп жүріп туып өскен ауылынан, ата-анасынан алыстап кетуі. «Кинодағы кейіпкердің бұл әрекеті жастарға сабақ болса игі», - дейді актер Абылай Абдықали. 

Абылай Абдықали, актёр:

- Әсіресе жігіттер мен қыздарға отбасын құрмаған, тұрмысқа шықпаған, үйленбеген деген сияқты. Ол жігіттерге де көрген абзал. Себебі біздің «Жарық күн» телехикаясындағы болып жатқан, көрсетілетін оқиғалар олардың да өмірлерінде кездесіп қалуы мүмкін. Сол жағдайда не істеуге болады, не істеуге болмайды? Сабақтарды осы телехикаядан алса болады.

«Жарық күн» телехикаясындағы тағы бір қызықты сюжет желісі қарапайым еңбек адамдарының төңірегінде өрбиді. Қала тазалығына жауапты көше сыпырушылар қоғамға үлес қосу – міндетіміз деп санайды. Өзіне тиісті аумақты тазалай жүріп, біреуге әпке болып ақыл айтып, енді біріне әже өнегесін көрсететін, кейбірімен құрбы болып сырласатын Маржанның көңіл түкпірінде өз мұңы бар. Байлықтың буымен өзінен алыстап кеткен туған сіңлісі Раушанды көп ойлайды. Туыстар арасындағы қарым-қатынас – телехикаяның өзегі.

Әйгерім Уалжанова, актриса:

- Отбасылық құндылық, бауырлардың арасындағы ара қатынас, ата-енемен ара қатынас. Үлкенді қалай сыйлау керектігі, балаларды қалай тәрбиелеу керектігі бәрі осы сериалда көрсетілген. Менің ойымша, бұл жақсы дәрежедегі сериал. Өз көрерменін табады деген ойдамын.

Телехикаяға Лидия Кәденова, Болат Әбділманов, Шынар Асқар, Гүлнар Аманжанова, Досжан Жанботаев сияқты танымал театр мен кино әртістері түскен. 25 бөлімнен тұратын сериалды дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 21:45-те «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар!

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов