«The Voice Kazakhstan» мега-шоуының ширек финалы басталады

  • 11
  • 12.12.2025, 18:55

Ертең «The Voice Kazakhstan» мега-шоуының ширек финалы басталады. Көрермендер апта сайын асыға күтетін шоудың ендігі кезеңдері тек тікелей эфирде өтеді. Демек үміткердің бағасын тәлімгерлер емес, көрермен береді. Күміс көмей, жез таңдай қыз-жігіттердің өнерін, сенбі кешкі сағат сегізде «Хабар» телеарнасында тамашалай аласыздар.

Тұрар шоудағы 5 тәлімгердің бірі. Өз тобындағы үш орындаушыға ерекше сенім артып отыр. Соңғы дайындықты пысықтап, қолдан келгенше қолдап жатыр. Себебі ширек финалда қатысушылардың өнерін тәлімгер бағаламайды, көрермен даусы шешеді.  

Тұрар Ыдырыс, тәлімгер:

-Енді бұл кезеңде тек мықтылар ғана қалды. Бұл жерде әлсіз қатысушылар жоқ. Сондықтан да енді «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой. Сол сәттер келді. Барлығы бабында деп ойлаймын.

Осыған дейінгі іріктеулерден сүрінбей өткен өнерпаздың бірі Бексұлтан Кенішқалиев ширек финалға дайын. Ол тәлімгері Мейрамбек Бесбаев таңдап берген әнді орындайды. 

Бексұлтан Кенішқалиев, қатысушы:  

-Ол әнді негізі мен емес, аға таңдап берді. Өзіңе жақсы жарасып тұр деді. Сонымен аға да дәл тапқан екен. Өзімнің даусыма, тембріме өте жақсы келіп тұр. Сондықтан жоғары деңгейде өнер көрсетемін деп ойлаймын.


«The Voice Kazakhstan» жобасының жеңімпазы анықталатын сәт жақындап қалды. Ширек финалға 12 үміткер өтті. Барлығы да бас жүлдеден дәмелі. Әр қатысушы үшін бұл өз өнерін шыңдап, көрерменнің жүрегіне жол табатын маңызды сәт. 

Мейрамбек Бесбаев, тәлімгер:

Бұлар сақадай сай ғой жалпы. Ән айтып жүрген формадағы адамдар. Біздің командадағы адамдардың өнері біздің көрерменге үлкен әсер сыйлайтын шығар деп ойлаймын. Сондықтан соны шын бағасын ел беретін шығар деп ойлаймын. Халыққа сеніп тұрмын. 

Ертең сағат 20:00-де «The Voice Kazakhstan» мега-шоуын тікелей эфирде тамашалай аласыздар. «Хабар» арнасының ресми телеграм каналы арқылы дауыс беріп өз таңдауыңызды жасаңыз!  

Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев