«The Voice Қазақстанның» жартылай финалына дайындық басталып кетті

  • 8
  • 19.12.2025, 18:55

«Хабар» арнасындағы мега-шоу The Voice Қазақстанның жартылай финалына дайындық басталып кетті. Тікелей эфирдегі таланттылар тартысында бұл жолы 8 өнерпаз бақ сынайды. Ертең кешкі сағат 20:00-де шешуші кезеңнің қатысушылары анықталады. Байқау мәреге жақындаған сайын үміткерлер де қобалжулы.

Дана Мәжитова – ширек финалда көрерменнің көзайымына айналып, көп дауыс жинаған қатысушының бірі. Жанкүйерлеріне алғысы шексіз. Енді әрмен қарай қолдау күтеді. Ол қазір жартылай финалға дайындық жасап жатыр. Тәлімгері – Мейрамбек Бесбаев.

Дана Мәжитова, байқаудың қатысушысы:

-Енді жартылай финалда сол қолдаушыларымның, үмітін ақтап жақсы өнер көрсетіп шықсам деймін. Бұл жобада мен өзімнің ғана арманымды емес, әкемнің де арманын орындап жүрмін. Қазір маған шыны керек қатты қолдап отырған әкем мен анам.
 

Бағым Мухитденова мен Баян Мақсатқызының үкілеген үмітінің бірі – Диас Жорабек. Ол да көрерменнің басым дауысымен жартылай финалға өткен. «The Voice Қазақстан» мәреге жақындаған сайын жауапкершілік артып жатыр», – дейді қатысушы. 

Диас Жорабек, байқаудың қатысушысы:

-Алдыңғы ширек финалға дейінгі кезеңде менің орындауыма кішкене хейт келді. Пікірлер. Бірақ енді әр адамның өзінің ойы бар, мен ол нәрсеге мұңаймаймын. Жартылай финалға дайындық керемет. Бұйырса өзімді жақсы жағынан тағы да көрсетуге тырысатын боламын.


Мейрамбек Бесбаевтың тобындағы жастар да бас жүлдеден дәмелі. Олар бұл жолы лирикалық ән айтады. Тыңдарманның жүрегінен орын алатындарына сенімді.  

Мейрамбек Бесбаев, тәлімгер:

-Енді әрі қарай патша көңілді көрермен өзі шешер, кімді жақсы көріп қалғанын. Бірақ әрқайсысы елдің махаббатында болады деп ойлаймын. Сахнаға жаралған адамдар. Мен үшін бәрі қымбат, бәрі қиын. Енді тағы да екі баламды үкілеп қосайын деп отырмыз. Қолдау халықтан болатын шығар деп ойлаймын.
 

Ертең кешкі сағат 20:00-де «The Voice Қазақстан» жобасын жіберіп алмаңыздар. «Хабар» телеарнасының телеграм арнасы арқылы дауыс беріп, үздік өнерпазды бірге анықтайық.

Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев