Нәтижесінде Айбек Қалиев оқ бойы озып шығып, бас жүлде иегері атанды.
4 ай бойы өнер бәйгесінде жарысқан 16 дарынды ақынның арасында таңдау жасау оңай болған жоқ. Бірақ айтыс атасы атанған Жүрсін Ерман мен тәжірибелі қазылар алқасы финалда Айбек Қалиевті үздік деп таныды.
Нәтижесінде айтыскерге су жаңа көлік пен жоба тұмары саналатын алтынмен апталған қамшы бұйырды. Бұған дейін «Айтыс ақтаңгері» мен «Алтын домбыра» иегері атанған ақын үшін бұл жеңіс айрықша.
Айбек Қалиев, «ЖЕкпе-жек айтыс» жобасының бас жүлдегері:
- Биылғы жыл мен үшін өте сәтті болды. Айтыс өнеріндегі шығармашылығымдағы соңғы жылым. Абыройдың биігімен осы айтыспен қоштасып жатырмын. Сондықтан да менде осы жеңістен гөрі айтыспен қоштасу, айтысты қимау сезімі басымырақ боп тұр.
Ал өнер бәсекесінде оза шапқан Еркебұлан Қайназаров 1-ші орынды қанағат тұтты. Оған 5 млн теңгенің сертификаты табысталды. Дидар Қамиев 2-ші орынға жайғасса, жартылай финалға дейін жеткен Жансая Мусина 3-ші орын алды. Жобаға «MAGNUM» компаниясы бас демеуші ретінде қаржылай қолдау білдіріп, қатысушыларды сый-сияпатқа бөледі. Сондай-ақ Q4 Auto Tulpar компаниясының негізін қалаушы Талғат Сақан өз атынан 2 темір тұлпар тікті. Оның бірі ерекше өнерімен көзге түскен Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды.
Аманжол Әлтаев, «Жекпе-жек айтыс» жобасының жүргізушісі:
- Қысылған Жамбыл жер осы демекші, қазыларға да қиыны сол болған шығар деп ойлаймын. Кейбір сәтте 2 ақын қатар келгені болды. Сонда қайсысы басым түскенін, қайсына жеңісті беру керек деген тұста қиналған тұстары да болды.
Осылайша 2004 жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі жоба қалың көрерменді қайта қуантты. Бұл «Хабар» арнасы мен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы» арасындағы әріптестіктің кезекті жемісі.
Дана Әлиева, Таир Мерекенов