The Voiсe Қазақстан: финалға шыққандар анықталды

  • 7
  • 22.12.2025, 18:59

«Хабар» арнасындағы мега жоба «The Voiсe Қазақстан» шоуының ақтық кезеңінде өнер көрсететін әншілер анықталды. Тікелей эфирде көрермен үздік төрт қатысушыны таңдады.

Жартылай финалда өнер көрсеткен сегіз қатысушының әрқайсысы көрерменнің ықыласына ие болу үшін барын салды. Себебі бұл соңғы кезеңге апарар шешуші сәт. Бірінші болып Тұрардың тобындағы Дана Максимова мен Досжан Үби сахнада өнер көрсетті. Көрерменнің дауыс беруі нәтижесінде «Далада» әнін орындаған Дана Максимова айқын басымдықпен финалға өтті. 

Дана Максимова, «The Voiсe Қазақстан» қатысушысы:

- Сене алмай тұрмын. Мені қолдаған жақындарыма, әрбір қазақ халқына, көрерменге, менің достарыма, бәріне-бәріне көп рахмет! Маған сенгендеріңізге көп рақмет! Мен сіздердің үміттеріңізді міндетті түрде ақтаймын. «Жоғары деңгейде  өте әдемі номер көрсетемін», - деп мен сіздерге уәде етемін. 

Ерекше сахналық қойылымдар жанды дауыста орындалған әндердің әсерін еселей түсті. Ширек финалда көрерменнің ерекше қолдауына ие болған Мейрамбек Бесбаевтың тобындағы Дана Мәжитова жарысты осы тұстан аяқтауға мәжбүр болды. 

Дана Мәжитова, «The Voiсe Қазақстан» қатысушысы:

- Осы кезеңге дейін мені өте жақсы қолдады. Мен шыны керек, қатты қуаныштымын. Ең бастысы – бұл жақсы өнер көрсету, ағайдың маған сенім артқан әнін үлкен жауапкершілікпен орындап шықтым деген ойдамын. Бұл тәжірибемен біз ары қарай өсеміз. Қалыспаймыз, мұңаймаймыз, бәрі алда. 

Осылайша төрт қатысушы жобамен қоштасты. Алайда бұл жас әншілер үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Қалған төрт адам финалда бақ сынайды. «Тhe Voiсe Қазақстанның» ақтық сынында Дана Максимова, Бексұлтан Кенішқалиев, Нұрай Мықты, Диас Жорабек өнер көрсетеді.

Тұрар, «The Voiсe Қазақстан» қатысушысы:

- Өте тартысты жартылай финал болды. Менің тобым бірінші болып өнер көрсетті және де менің тобым деңгейді көтеріп қойған сияқты. Сол деңгеймен өте күшті деңгейде өткіздік. Енді алда финал, өте күшті дуэттер күтіңіздер! 

«The Voice Қазақстан» мега жобасының соңғы кезеңіне шыққан қыз-жігіттер дайындыққа қазірден кірісіп кетті. Қай-қайсысы да бас бәйгеден үмітті. Финал 27 желтоқсанда «Хабар» телеарнасынада тікелей эфирде көрсетіледі. Тelegram арнасы арқылы дауыс беріп, үздік әншіні таңдауыңызға болады. 

Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев