Өнер додасына қатысуға 2 мыңға тарта адам өтініш білдірген. Іріктеуден соң соның 65-і «көрмей тыңдау» кезеңіне өткен еді. Одан сүрінбегендер тәлімгерді өздері таңдады. Осы уақытқа дейін қатысушылардың өнеріне жұртшылық бағдарлама сайын тәнті болып отырды. Жарыс ширек финалдан бастап тікелей эфирде өтті. Енді міне, ақтық сын да аяқталып, жеңімпаз анықталды.
«The Voice Қазақстан» музыкалық жобасының жеңімпазы – Нұрай Мықты. Ол шынымен де мыңдаған өнерпаздың ішінен суырылып шығып, мықтылығын дәлелдеді. Көпшілікті өнерімен тәнті етті.
Финалдың үш кезеңі де тартысқа толы болды. Дауыс беру көрсеткіші бойынша Бексұлтан Кенішқалиев пен Нұрай Мықты қатар келе жатты. Соңғы сәтке дейін кімнің бағы жанатыны белгісіз болды. Нәтижесінде дауыс бергендердің жартысына жуығы Нұрай Мықтыны таңдады.
Нұрай Мықты, «The Voice Қазақстан» жобасының жеңімпазы:
- Мен соңына дейін пайыздың нәтижесін білген жоқпын. Мен үшін өте таңғаларлық жағдай болды. Мен барша қазақ еліне, мені қолдаған, маған дауыс берген барша адамға алғысым шексіз. Бұл эмоцияларды сөзбен жеткізе алмаймын. Байғали Ермекович – мэтр, маэстро, ең үздік.
Нұрайдың әкесі өнерден алыс емес. Өзі де әуелетіп ән салады. Айтуынша, қызы тілі шыққаннан ән айтуға талпынған. Сол қабілетін ерте байқап, бағыт-бағдар беріп отырған. «Талай байқауға өзі бастап апарған. Бұл жолы да дәл солай болды», - дейді.
Жандос Сейітқалиев, Нұрай Мықтының әкесі:
- Самолетінің билетін бармаймын деп өткізіп жіберіпті. Сосын мен жиналыңдар деп машинаға салып алдым. Алып келіп, жобаға қатыстырдым.
Жобаның ақтық мәресіне шыққан қыз-жігіттердің осалы жоқ. Шетінен талантты. Соңғы кезеңде қатысушылар жанды дауыста үш ән орындады. Оның екеуі дуэт. Яғни тәлімгермен және танымал жұлдызбен қосылып, өнер көрсетті.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл жоба өнер саласы үшін өте маңызды. Осындай жобалар арқылы біздің таланттарымыз тек ірі қалаларда ғана емес, ауыл-аймақтарда да анықталады. Менің ойымша, таланттарды ашуға бағытталған осындай жобалардың көп болуы маңызды.
«Хабар» Агенттігі» дәл осындай жас дарындарды қолдайды. «The Voice Қазақстан» – жай ғана жаһандық жобаның нұсқасы емес, ұлттық болмыс пен талантты тоғыстырған өнер алаңына айналды.
Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев