Шымкентте «Азамат» бағдарламасының жаңа маусымына іріктеу аяқталды

  • 13
  • 12.01.2026, 21:35

«Хабар» арнасы ұсынған бірегей жобаға бұл жолы мегаполис үміткерлерінен бөлек, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарынан да жалынды жастар қатысты. Телевизиялық кезеңге жолдама үшін 120 студент сөз құдіретін сараптап, тақырыптық ойларын ортаға салды. Айта кетейік, ауқымды жоба Парламент Мәжілісі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.

Көзінде от, жүрегінде жігері бар озық ойлы жастар интеллектуалды жобаның іріктеу кезеңіне жиналды. Олар білім мен тапқырлық сынға түскен додада өз қабілетін дәлелдеп, «Азамат» атағына лайық екендіктерін көрсетуді көздейді. Алайда қатысушылардың дайындығы мен өзіне деген сенімі бірдей бола қойған жоқ. 18 жастағы Әділбек Әріпбектің айтуынша, толқыныстың әсерінен тақырыпты толық аша алмаған. 

Әлдібек Әріпбек Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің студенті: 

- Маған жаңа «Моноқалаларды дамыту жолдары» деген тақырып түсті. Мен оны нақты аша алдым деп айта алмаймын. Егер оны ашсам маған қазылар алқасы белгілі бір көңіл бөліп, қарап, сәл таңқалу сезімін сыйлайтын еді.
Бұл «Азамат» тележобасы 1 жыл ғана болмайды. Келешекте мен де әлі 3 жыл бар. Тыңғылықты дайындалып, Астанаға барып бірінші орын алуға үмітім бар. Ниеттімін. 

Пікірсайыс алаңында алдыңғы маусымның қатысушылары да бар. Былтыр тараздық Дархан Нұрбек тележобаның финалына дейін жетіп, шешуші кезеңде жеңісті қолдан жіберген. Бұл жолы дайындықты пысықтап, олқылықтың орнын толтыруға бекініп отыр. Айтуынша, «Азамат» интеллектуалды жобасы оған тәжірибе ғана емес, көпшілікке танылуға да жол ашқан. 

Дархан Нұрбек, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті:

- Камераның алдында сөйлеу енді жай пікірсайысқа қарағанда әрине қиынырақ. Бірақ бұл адамның жан-жақты танылуына мүмкіндік береді. Ол біз үшін ең үлкен жетістік деп ойлаймын. Былтыр бағымыз жанбай қалды. Биыл бағымыз да бабымыз да қатар келе ма деп қайтадан келдік. 

Бағдарламаға қатысушыларды бағалау оңай емес. Сондықтан қазылар алқасы студенттердің тек білім деңгейін ғана емес, ойлау қабілеті, шешендік өнері мен азаматтық көзқарасына да назар аударады. 

Балжан Дәулет, жоба үйлестірушісі:

- Барлық аумақтан 600-ге жуық студент тіркелді. Осы 600 студенттің ішінен біз 32 оқу орнын, 64 спикер таңдап аламыз. Бізде қазір рейтинг өте жақсы. Яғни екінші маусымға сұраныс болғандықтан қайтадан екінші маусымды жалғастырып, жүргізіп жатырмыз. 

Биыл интеллектуалды бағдарламаға қатысуға 106 оқу орнынан өтініш қабылданды. Іріктеу кезеңдерінде 64 ойыншы таңдалып, 32 команда құрылады. Әрі қарай оқ бойы озық шыққан пікірсайысшылар тележобада бақ сынайтын болады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов