Ақтөбеде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Биыл білім бәйгесіне қатысуға өңірдегі барлық оқу ордасынан өтінім түскен. Алайда тартысты доданың аймақтық финалында тек 69 бала күш сынайды.
Алтынай Бауыржанқызы облыс орталығындағы №18 мектепте оқиды. Түрлі сайысқа қатысып, білім ордасының намысын қорғап жүр. Оқу озаты «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлер додасында да бақ сынап, бас жүлде – білім грантын иемденуді көздейді.
Алтынай Бауыржанқызы, Ақтөбе қаласы №18 орта мектебінің оқушысы:
- Бұл жарыс менің 2026 жылға арналған күнделігіме бір гештальт ретінде жазылды. Осы жарысқа мен өзімнің көшбасшылық қабілетімді ашу, бойымда мұндай мүмкіндік бар-жоғын анықтау, мықты жүргізуші бола аламын ба дегенді түсіну және білімімді сынау мақсатында қатыстым.
Білім додасының облыстық кезеңі «Келешек мектебі» жобасы аясында ашылған ғимаратта өтті. Заманауи мектеп өскелең ұрпақ көшбасшыларын тәрбиелейтін білім ордасына айналары сөзсіз. Себебі мектепте өткен алғашқы сайыста облыстың оқу озаттары бас қосты.
Гүлназ Қожанова, Шалқар қаласы №3 орта мектебінің мұғалімі:
- Оқушым белсенді, барлық қоғамдыық жұмыстарға атсалысып жүретін оқушы. Білім ғана емес, ол спортқа да қатысады. Спортты қатты жақсы көреді. Ол әрбір жетістікке ұмтылатын, жарыстың деңгейінде жүретін баланың бірі деп айта аламын. Оқушыма сенім білдіремін.
«Хабар» арнасының төл туындысы – «ХХІ ғасыр көшбасшысы» үздік тележобалардың бірі. Дарынды жастарды демеп, білімді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған жоба Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен қайта жаңғырды. Биылғы іріктеу кезеңіне Ақтөбе облысынан 69 үміткер қатысып отыр.
Айгүл Ибатуллина «Ақтөбе дарын» қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы:
- «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынына іріктелетін балалар тарих, қазақ тілі, әдебиеті және логикалық сұрақтар, тапсырма 60 сұрақтан келді. 69 оқушының алдында жаңа конверт ашылды. 1 сағат 15 минут уақыт беріледі. Ол «Хабар» агенттігінің ережесіне сай қойылып отырған 75 минут. Таймер қойылып, оқушылар кірісіп кетті. Оқ бойы озып шыққан 5 оқушы республикалық додада күш сынайды. Бұл жолы Мәртөк ауданынан келген Ақниет Мұхамбедин мен Аяжан Мұхамбетова, Темір ауданынан келген Жаңылсын Русланқызы, Байғанин ауданының намысын қорғаған Ұлықбек Нұрадинов пен Шалқарлық Әділ Ұзақбай есімді өрендер облыстық кезеңнен мүдірмей өтіп, үздік атанды.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов