Қысқы Олимпиада-2026: Ұлттық құраманы қолда, «Хабарда» бол!

  • 7
  • 24.01.2026, 17:45

Төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі – Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындары. Үздіктердің үздігі бақ сынайтын дүбірлі доданы қазақстандық көрермен «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады.

Қазақстан спортшылары Олимпиадада шорт-трек, биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, фристайл, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы және трамплиннен секіру сынды спорт түрлерінде ел намысын қорғайды.

Олимпиада - «Хабар» үшін жай ғана жарыс емес, талай жылдан бері қалыптасқан үлкен жол. Арна осы уақыт ішінде Олимпиаданың ең шешуші сәттерін қалт жібермей, спорт тарихында алтын әріптермен жазылатын елеулі оқиғаларды халыққа бірінші болып жеткізіп келді. Биыл да бұл дәстүр жалғасады.

«Біздің мақсат - Олимпиаданы қазақстандық көрерменге жақын ету. Жарыстың қорытындысы мен жеңімпаздарды ғана емес, аренаның атмосферасын, жанкүйерлердің жүрек қағысын, спортшылардың ішкі толғанысын жеткізу»,дейді «Хабар» агенттігі басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Биылғы Олимпиада ойындарында да «Хабар» арнасының түсірілім тобы оқиға ортасынан экслюзивті хабар таратады. Олар ареналардағы тартысты сәттерді, Олимпиада нысандарынан тікелей қосылуларды, жарыс сыртындағы көріністер мен Олимпиада ауылындағы өмірді көрсетеді.

Эфирді тәжірибелі мамандар жүргізеді. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатын танымал журналист  Ерлан Игісінов тізгіндесе, жарыс барысын Айбек Қабылша, Әзиз Жұмаділ, Санжар Ақатаев, Әділет Кібаш, Дарья Юкало, Әлішер Әлі және Лилиана Әлжанова сынды кәсіби комментаторлар талдап отырады.

Тікелей көрсетілімдерден бөлек, күн сайын «Олимпиада күнделігі» эфирге шығады. Бағдарламада жарыс күнінің маңызды оқиғалары, сарапшылардың пікірі, спортшылармен сұхбат және экран сыртында қалған эмоциялар көрерменге жол тартады.

«Хабармен» Олимпиада көрерменге бұрынғыдан да жақын болды. Ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың жеңісі – тұтас Қазақстанның жеңісі. Қазақстан спортшыларына біздің арнамен бірге жанкүйер бол. Ұлттық құраманы қолда!

Олимпиада тынысын «Хабармен» бірге сезін.