Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан жиналған жастар Әлкей Марғұлан атындағы университетте бас қосты. Олар білім мен біліктілік сыналатын жобада көшбасшылық қабілеттерін танытты. Жалпы еліміз бойынша аталған бағдарламаға қатысуға 600 студент өтініш берген.
Үш өңірден жиналған жігерлі жастар пікірсайыс алаңына шығу үшін алдымен тіркеуден өтті. Содан кейін бір-бірімен танысып, шүйіркелесіп, өзара дайындықтарын пысықтады.
Интеллектуалдық телеойынының іріктеу кезеңінің басталуы осылай өтеді. Қатысушы тақырыпты таңдағаннан кейін дайындалуға бар болғаны үш минут беріледі. Осы уақыт ішінде ойланып қана қоймай жүйелі жауап тауып, оған қорытынды жасап үлгеруі қажет. Одан кейін бірден блиц басталады. Отыз секунд және қазылар алқасының күтпеген сауалдары. Осы қысқа форматта жастардың ойының ұшқырлығымен тілінің өткірлігі анықталады.
Жігер Сәрсенбаев экономика және басқару мамандығы бойынша білім алуда. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің намысын қорғауға келген студент бұл жобаға екінші жыл қатысып отыр.
Жігер Сәрсенбаев, C. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті:
-«Азамат» бағдарламасының эфирге оралғаны қазіргі уақытта пікірсайыс әлеміндегі жастарға, студенттерге өте үлкен мүмкіндік деп білемін. Өйткені пікірсайыс әлемінде қазіргі қоғам алдында өз ойын емін-еркін айтып жүрген, қоғамда бір белсенді, өзінің жеке пікірі бар жастар өсіп келе жатыр.
Әлкей Марғұлан университетінің үшінші курс студенті Нұрболат Бақберді өзіне сенімді. Болашақ тарих пәнінің мұғалімі бұған дейін де түрлі пікірсайыстарға қатысып, мол тәжірибе жинақтаған.
Нұрболат Бақберді Ә. Марғұлан атындағы ПМПУ студенті:
-Тыңғылықты дайындалып келдік, аса қатты қобалжулар жоқ, себебі біз дебатёр ретінде бізде қобалжу жоқ, бізде сыни пікір бар, сыни ойлау қабілет өте жақсы дамығандықтан және басқалардың сыни ойлауын жақсы меңгергендіктен бізде қатты бір қобалжу жоқ деп айта аламын.
Еліміз бойынша «Азамат» телевизиялық зияткерлік жобасына 600-ден аса студент тіркелген. Павлодар іріктеу кезеңі өткен алтыншы өңір. Барлығы 80 студент бақ сынады.
Аяулым Әйткен, «Азамат» жобасының продюсері:
-Телевизиялық нұсқадан кейін «Азаматқа» деген сұраныс, жалпы «Азамат» бағдарламасына қатысу деген өте жоғары деңгейде өсіп келе жатыр, соны байқасақ болады және де биылғы сезонда сол жақсы лидерлар, былтырғымен салыстырғанда жан-жақты, қатыспай қалған кейбір университеттердің өз тарапынан келіп жатқан ұсыныстарды да көріп жатырмыз.
Кезінде «Азамат» тележобасы көптеген дарынды жастардың білімін шыңдап, болашағына жол ашқан үлкен баспалдаққа айналған еді. «Хабар» агенттігінің телевизиялық жобасына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 64 қатысушы ғана жолдама алады.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев