«XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының Ұлытау облысындағы іріктеу кезеңінде Жезқазғандағы Абай атындағы мектеп-лицейі үздік нәтиже көрсетті. Республикалық кезеңге жолдама жеңіп алған 5 талапкердің үшеуі осы оқу ордасының оқушылары. Тағы екі жолдама Білім-инновация лицейі мен Сәтбаев қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицей шәкіртіне бұйырды. Олар енді зияткерлік сайыстың ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайды.
Облыстық іріктеу кезеңінде ең жоғары ұпай жинаған бес оқушының бірі – Гүлім Бақытова. Жезқазғандағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп интернатында оқиды. Химия пәніне қызығатын шәкірттің болашақта жаратылыстану бағытында жаңалық ашсам деген арманы бар. Ал зияткерлік сайысқа қатысу сол арманға бастайтын жол дейді.
Гүлім Бақытова, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Мен облыстық кезеңнен жеңетініме сенімді болдым. Себебі мен осы уақытқа дейін дайындалдым және де сұрақтары мен үшін таныс және жеңіл болды.
Осы мектептен тағы екі оқушы үздік бестік қатарына енді. Түрлі олимпиадаларға қатысып шыңдалған Гүлім Мұхамбетжан бұл жолы да ұстаздар сенімін ақтай білді. Гүлім біліммен қатар спортты да қатар алып жүр. Шахмат үйірмесіне қатысады, үстел теннисімен шұғылданады. Өнерден де құралақан емес.
Гүлім Мұхамбетжан, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Жобалар шығарып, еліміздің дамуына үлесімді қосып, яғни IT саласын дамытып, өзі қазір заман талабы ғой. XXI ғасыр технология заманы дегендіктен осы саланы таңдап өзімнің үлесімді қосқым келеді.
Абай мектебінде оқушыларды төменгі сыныптан бастап ғылымға баулу ісі жүйелі жолға қойылған. Ұстаздар еңбегі еш кеткен жоқ. Мәселен, облыстық кезең жеңімпазы Нұрасыл Жаналинов бірнеше жылдан бері су үнемдеу жолдарын зерттеп жүр. Ол шөлейтті аймақта көкөністі бу арқылы өсіру жобасын жасаған. Мұндай технология әзірге әлемнің санаулы елінде ғана бар.
Нұрасыл Жаналинов, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Алдағы мақсатым – республикалықтан топ жарып, жүлдегер атану. Әрине, грант ұтып алу барлық оқушының арманы деп ойлаймын. Жезқазғандағы білім-инновация лицейінің оқушысы Нұрасыл Тұрсынхан 4 пән бойынша республикалық олимпиада жүлдегері. Оқу бағдарламасының тығыздығына қарамай зияткерлік сайысқа қатысуды жөн көрдім дейді ол. Облыстық кезеңнен сүрінбей өтті. Ендігі меже – республикадан олжалы оралу. Болашақта мұғалім болуды армандайтын ол білім грантынан үмітті.
Нұрасыл Тұрсынхан, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Осы сайысқа қатысудағы мақсатым өзімнің білімімді шыңдау және үлкен тәжірибе алу. Болашақта математика пәні мұғалімі саласының үздігі болуды армандаймын.
Сәтбаев қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицей оқушысы Уалихан Қапар үштілді жетік меңгерген. Ағылшын тілінен сынақ тапсырып, нәтижесінде шет елде білім алуға мүмкіндік беретін сертификат ұтып алған. Дегенмен ол елде қалып, туған қаламның дамуына үлес қосамын дейді.
Уәлихан Қапар, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Мен болашақта негізі инженер болғым келеді. «XXI ғасыр көшбасшысы» маған грант алуға мүмкіндік береді. Мен сол үшін қатысқанмын.
Жеңімпаздар сайыстың республикалық кезеңіне дайындықты қазірден бастап кетті. Ақтық сында облыс намысын абыроймен қорғап шығамыз дейді. Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының республикалық кезеңі көктемде басталады.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Нұрбол Үздікбаев