Талдықорғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының облыстық кезеңі өтті

  • 2368
  • 29.01.2026, 11:35

Талдықорғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық іріктеуі өтті. Аудандық және қалалық сайыста жеңімпаз атанған 44 оқушы республикалық кезеңінің жолдамасын сарапқа салды.

Білім додасына бақ сынауға келгендердің бірі Әмина Тоқан. Қаратал ауданындағы іріктеуде жеңімпаз атанған ол келешекте ІТ саласының білікті маманы болғысы келеді. Дарынды жас бұл байқауды «арманына жетелейтін жол»,- деп түсінеді.

Әмина Тоқан, облыстық іріктеу кезеңіне қатысушы:

- Осы байқау маған қатты ұнады. Көңілімнен шықты. Себебі бұндай жерлерде көп болмағандықта, мен үшін жаңа болды. Өзімді жаңа сынақта сынап көру мен үшін өте маңызды болды. Өзімімнің біліміме қанағаттандым. Мен үшін сұрақтар оңай болды. Мен сұрақтардың көбісіне дұрыс жауап бердім деген үміттемін.

Ал Алқау Оңалбек шекаралы аймақтағы Алакөл ауданынан келді. Жыланды мектеп-интернатының оқушысы зияткерлік байқауды бұрыннан біледі. Сондықтан берілген мүмкіндікті мүлт жібермеуге бел буыпты. 

Алқау Оңалбек, облыстық іріктеу кезеңіне қатысушы:

- «XXI ғасыр көшбасшысы» интелектуалды ойыны барлық балаларға бірге жұмыс істеуге, әр адамға өзінің бағын сынауға, білімін арттыруға көмектеседі деп ойлаймын.

Оқушылар мектеп бағдарламасындағы пәндерден берілген 60 сұраққа 75 минутта жауап берді. Балалардың жоғары дайындықпен келуіне жобаның маңыздылығын түсінген ұстаздар қауымы да ықпал етті.

Әсел Мұқанова, М. Арын атындағы №24 мектеп-лицейі директорының орынбасары:

- Бұл зияткерлік сайыс балалардың болашағына үлкен жол салатын баспалдақ. Себебі осы арқылы бала шыңдалады. Жан-жақты білімін дайындалады. Болашақта бұл оқушыларымыз мемлекетте белгілі бір орны бар көшбасшы азаматтар болатынына сенімдіміз.

Жас дарындарды тұтас елге танытатын жобаға білімді өрендердің қызығушылығы артып келеді. Мәселен, былтыр аудандық және қалалық сайыстарға жүз бала қатысса, биыл олардың саны 6 есе өсіп  отыр.  

Еламан Бекетаев, «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі мен республикалық «Хабар» аранасының ұйымдастыру негізінде «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысы сәтті аяқталды. Бұл жарыс Жетісу өңірінде екінші мәрте өтті. Жалпы қатысушылар саны 600-ге жуық облыстық кезеңге 44 бала қатысты. Республикалық кезеңге бес бала іріктеліп өтті.

Облыстық іріктеуде Әлхам Бауыржан, Ақбота Сәбитова, Аружан Жұмәділ, Даниял Досымұлы мен Дархан Жанғазы жеңімпаз атанды. Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді және Панфилов ауданының оқушылары енді жоғарғы оқу орнының гранты сарапқа салынатын бәсекеге қатысатын болады. 

Шыңғыс Қалиден,  Қуаныш Түргенбаев