«XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық байқауының Алматы облысы бойынша өткен өңірлік кезеңінде Дәурен Асылханов, Аружан Шәкір, Еркебұлан Жұмағұл, Мадияр Жұмабек және Дилара Әбілдинова сияқты оқушылар үздік деп танылды. Солардың бірі – Мадияр Жұмабек Іле ауданынан. Ол 5 жасынан футболмен айналысады. Бүгінде жастар лигасында өнер көрсетіп жүр. «Қарсыластарым осал емес, сондықтан «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысында жеңімпаз атанамын деп ойламадым», - дейді ол.
Мадияр Жұмабек, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Өте қуанышты болдым, негізі ұтамын деп қатты сенген жоқпын өзіме. Себебі қасымдағы адамдар өте мықты, өте сенімді отырғандықтан, өзімнің сенімім кішкене түсіп қалды. Осы 1 ай қалды, сол бір айда өзімнің дайындығымды күшейтемін деп ойлаймын. Өзімнің мұғаліміммен, биология мұғаліміммен, жетекшілермен күшейтемін деп ойлаймын.
Ал байқаудың тағы бір жеңімпазы Еркебұлан Жұмағұлдың болашақта хирург болғысы келеді. Қазір медицина академиясына түсуге тыңғылықты дайындалуда. Оның айтуынша, байқауда жеңімпаз атануына ана-анасының қолдауы көп көмектескен.
Еркебұлан Жұмағұл, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Мен осы 11 сыныпта химия-биология бағытын таңдадым. Яғни медицина бағыты. Адамдарға көмек қолын созғанды жақсы көремін. Сол себепті осы медицина бағытын таңдап, хирург боламын деп шештім. Ата-анамның арқасында осы жарысқа қатысып отырмын ғой. Ата-анам маған мотивация беріп, маған көмектесті, «қатыс, қалма» деп.
Ұзынағашта тұратын Дәурен Асылхан ауылды аймақтан келіп те, жеңімпаз атануға болатынын дәлелдей білді. Ол байқау тапсырмаларының барлығын жоғары деңгейде орындап шықты. Экономика мен IT технологиялар және өнер саласында ізденгенді жақсы көреді.
Дәурен Асылхан, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Менің ойымша, «XXI ғасыр көшбасшысы» деген осындай атауға лайық адам, міндетті түрде көшбасшы болуы керек. Яғни ол жан-жақты білім алуы керек. Оның әлемді тануы, яғни, кругозоры өте кең болуы керек. Ол тек бір бағыт бойынша ғана емес, көптеген мектеп пәндерінен бөлек те тақырыптарды дұрыс, толықтай меңгерген болуы керек.
Математика пәнін ұнататын Диляра Әбілдинова мен байқауда Қарасай ауданының намысын қорғаған Аружан Шәкір тыңғылықты дайындық жүргізу арқасында жеңіске жеткендерін айтты. Олар Назарбаев университетіне оқуға түсіп, алдағы уақытта ядролық физика саласында еңбек еткілері келеді.
Дилара Әбілдинова, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы
-Менің жоспарым – ядролық физика ғалымы болу. Мен үшін ол өте болашақ үшін өзекті және де мен үшін өте қызықты бағыттардың бірі. Осы жердің қасында бізде ядролық физика институты бар, сол жерге жұмысқа тұрсам болады.
Аружан Шәкір, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы:
-Бірінші программист көрейін дегем, бірақ бәсекелестік тым көп болды да, және де ИИ қазіргі жасанды интеллект ол оны ауыстырып тастауы мүмкін. Ал робототехника қолмен жұмыс болатындықтан, оны ауыстыру болашақта ауысуы мүмкін, бірақ қазір емес. Маған ең ұнайтыны математика-физика сияқты теориялық сабақтарды шын өмірдегі проблемаларды шешуге пайдаланамыз.
«XXI ғасыр көшбасшысы» еліміздің оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бірлескен жобасы. Интеллектуалдық сайыстың ақтық сыны көктемде өтеді.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов