Алматыда «Хабар» Агенттігінің «ХХІ ғасыр көшбасшысы» жобасының қалалық кезеңі мәреге жетті. 82 қатысушының ішінен соңғы республикалық жарысқа 8 оқушы өтті. Енді олар ақтық ойында бақ сынайды.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» - оқушылардың білім деңгейін, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуеті мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған бірегей жоба. Зияткерлік сайыс қатысушылардың өзіне деген сенімін арттырып, болашақта кәсіби бағдарын айқындауға жол ашады.
Асқар Бектемір, НЗМ тарих пәнінің мұғалімі:
-Біз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дегендей, үш оқушымызды осы бір зияткерлік ХХІ ғасыр көшбасшысы» аталатын ойынға алып келіп отырмыз. Бұл ойынның бізге ерекше ұнайтындығы балаларды терең ойлылыққа, сыни көзқарасқа елімізде болып жатқан қоғамдық саяси мәні бар, мағынасы бар тәрбиелік терең ұғымдағы құндылықтарды насихаттай алатын керемет ойын алаңы деп есептейміз.
Зияткерлік жобаның қалалық кезеңіне аудандандарда топ жарған 82 оқушы қатысты. Қала мектептерінен келген үздіктер 1 сағат 15 минутта тест тапсырып, білімдері мен тапқырлықтарын дәлелдеді. Республикалық додада бақ сынайтын оқушының бірі –Дінмұхаммед Шаяхмет.
Дінмұхаммед Шаяхмет, №148 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы:
-Бұл жарыс негізінен қиын болды деген ойдамын. Бүкіл пәннен сұрақтар келіп, есеп шығару да болды, теориялық сұрақар да болды. Негізі көбісін білдім деп ойлаймын. Орын алатыныма шынымды айтсам негізі сенбедім. Орын аламын деп ойламадым. Сол себепті қуаныштымын.
Қатысушылардың жұмысын мамандандырылған мектептер мен университет оқытушыларынан құралған қазылар алқасы сараптады. «Дарынды балалардың ішінен үздіктерін анықтау оңай болмады», - дейді ұйымдастырушылар.
Майра Белгібаева, «Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары:
-Республикалық кезеңде берілетін тапсырмалар әртүрлі пәндерді қамтитын болады. Логикалық тапсырмалар болады. Республикадан өткен, іріктеуден өткен дарынды талантты балалар жоғары оқу орындарының грантына ие болады.
Білім бәйгесінің аймақтық кезеңінің жеңімпаздары «Хабар» телеарнасының эфирінде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» жобасында бақ сынайды. Тартысты кезеңді жіберіп алмаңыздар.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев