Оған қалалық, аудандық сайыста жеңімпаз атанған 86 оқушы қатысты. Тест қорытындысында респбуликалық деңгейде облыс намысын қорғайтын 5 үздік анықталды.
Жанкелдин ауданынан биыл «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңіне 4 оқушы қатысып отыр. Былтыр осы ауданның балалары облыстық білім сайысында жоғары нәтиже көрсеткен еді. Біреуі жүлдегерлер қатарынан көрінсе, енді біреуі республикалық жолдаманы жеңіп алған болатын. Биылда сол биіктен көрінуді мақсат етеді.
Раушан Әбдірахимова, Жанкелдин аудандық білім бөлімінің әдіскері:
-Бұл зияткерлік ойынның жақсы бір нәтижесі, ол республикалық кезеңде жүлделі орын алған балаларға оқу гранттары беріледі. Яғни бұл балаға мотивация береді деп ойлаймын және балаларды шыңдайды.
Жас дарындарды жалпақ жұртқа танытатын жобаға жастардың қызығушылығы артып келеді. Биыл аудандық қалалық деңгейдегі білім сайысында бақтарын сынағандар былтырға қарағанда біршама көп. Солардан іріктеліп шыққан 86 оқушы облыстық кезеңде өзара сынға түсті. Олар 1 сағат 15 минут ішінде тест түріндегі 60 сұраққа жауап беруі керек. Бірақ 20 минутқа жеткізбей тапсырманы орындап шыққандар бар.
Алтынай Қасымова, Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияның оқушысы:
-Мен негізі физика-математика оқып жүрген оқушы болғандықтан және республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің тарих пәнінен екінші орын жүлдегерімін. Сондықтан мен үшін өте қиын болған жоқ.
Зияткерлік ойын жастардың ой-өрісін дамытып, көшбасшылық қабылетін ұштауда маңызды құрал-дейді білім саласының мамандары.
Бағлан Ақанбай, «Дарын» орталығының әдіскері:
-«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны оқушылар үшін, зияткерлік интеллектуалды ортада өзін көрсетуді қалайтын өздерінің көшбасшылық қабылеттерін сонымен қатар қосымша әлеуеттерін көрсетуге мүмкіндік беретін таптырмас жоба деп есептеймін.
Сайыс қорытындысында әділ қазылар шешімімен анықталған 5 жеңімпазға республикалық кезеңнің жолдамасы табыс етілді. Енді олар Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг