«Хабар» арнасының тапсырысымен түсірілген «Достық 13» телехикаясы көрерменге жол тартады. Фильм еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мекенжайымен аталған. Қызықты студенттік өмір, сүйікті профессор, басты кейіпкерлердің тағдырындағы тосын оқиғалар жайлы телехикая көрермендерді бей-жай қалдырмайтыны анық.
Телесериалдың «ұстаздар ұстаханасы» аталып кеткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде түсірілуі бекер емес. Бұл білім ордасы еліміздегі ең алғаш құрылған жоғары оқу орны. Ғасырға жуық тарихы бар университетте Ахмет Байтұрсынұлы, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов сияқты ұлт зиялылары дәріс оқыған.
Мақсат Жақауов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ әлеуметтік даму жөніндегі проректоры:
-Бұл жерде сол зиялы қауым өкілдерінің қызмет істеп, оқытушылықпен айналысып кеткен орын халықаралық білім стандарты бойынша қазір тек қана кітап оқыған білім болып есептелмейді. Ол ютубтан көрсеңіз де, бір жерден тыңдасаңыз да, бір дәрістен, семинардан алсаңыз да егер сіз оны қорыта білсеңіз, ол өнім болып шыққан дүние білім болып есептеледі. Яғни Ахмет Байтұрсынұлының телехикая арқылы егер жастарымыз біліп жатса, ол жерде телехикаяны шығарушылардың үлкен мақсатқа қол жеткізгені.
Студенттік өмір – шынайы достық, асқақ арман мен махаббаттың тоғысқан әлемі. Телесериал дәл осы кезеңді өзек етіп алған. Алматыға арман қуып келіп, бір университетте бастары қосылған жастардың қызықты сәттері, тағдырдың күтпеген сынақтары мен тосын сыйлары қатар өрбиді.
Олжас Қалғапбар, актёр:
-Осы сериалға түспес бұрын шашым бұйра, ұзын болған. Бұдан да ұзын, бұйра болды. Сөйтіп енді мен үйге шашым бұйра болып барамын ғой. Әкем қарап тұрып: «Маған балам осы шашыңды алмашы», - дейді. Түсінбедім? «Балам осы шашыңмен Мұқағали атаңды көргендей күшті болып отырмын», - дейді әкем. Енді Мұқағали атамды ойнамасам да, ұқсамасаң да ұқсап бақ дейді ғой. Соған келтірдім деп ойлаймын. Персонажым Мұқан есімді жігіт. Мұқан емес, толық есімі Мұқағали.
Телехикаяда Жасұлан Көпберген, Мерей Мақажан, Альбина Хамидуллина сынды жас актерлермен қатар, әдебиетті шексіз жақсы көретін, студенттерге білімі мен тәрбиені сіңіретін ұстаз Жұман ағайдың рөлін актер Бақытжан Әлпейісов сомдайды. Арман мен шынайы өмір тоғысқан телетуындыда әлеуметтік мәселелер де қамтылған.
Азамат Ержанұлы, режиссёр:
-Енді менің ойымша көременге бұл жалпы өте қызық болады. Өйткені бұл шынайы өмірден алынған оқиғалар. Айта кетсек бұл жерде драма да бар, мелодрамасы да бар, жаңағыдай экшні де бар, боевик те бар арасында. Біз кәдімгідей төбелестер қостық арасында. Біз лудоманияны да қарадық.
Сағынышқа толы студенттік шақты еске түсіретін телехикая 20 бөлімнен тұрады. «Достық 13» телехикаясын бүгіннен бастап «Хабар» телеарнасында сағат 22:00-де көре аласыздар.
Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Валентин Лобанов