Алдағы дүйсенбіден бастап «Хабар» арнасында «Эшрефтің арманы» атты жаңа түрік телехикаясы көрерменге жол тартады. Онда өмірге суық көзқараспен қарайтын Эшрефтің тағдыры мен жан дүниесіндегі өзгерістер баяндалады. Алғашында махаббатқа сенбеген, тек ақылына жүгінген кейіпкердің өміріне тосын кездесу әсер етеді. Телехикаяда сезім мен сананың тартысы, адам таңдауы мен өмірлік құндылықтар көрініс табады.
Бұл жерде «Eşref Rüya» телехикаясының түсірілімі жалғасып жатыр. Дәл осы бір қысқа пәрменнен кейін алаңда тыныштық орнайды. Камера қосылып, актерлер бір сәтте кейіпкер болмысына енеді. Міне, дәл осылай телехикаяның әр эпизоды дүниеге келеді. Ал әрбір сахна бірнеше рет қайталанады. Себебі түсірілім барысында режиссер эмоцияның шынайылығы мен әр сәттің психологиялық дәлдігіне ерекше көңіл бөледі.
Бұл Шағатай Ұлысой мен Демет Өздемир. Қос актердың есімі қазақ көрерменіне жақсы таныс. Олар телехикаяда басты рөлдерді сомдайды. Сюжет желісі өткеннің ауыр жүгін арқалаған Эшреф арқылы өрбиді. Сырттай салқынқанды, шешімге берік көрінгенімен, оның жан дүниесінде жазылмаған жара бар. Өмірлік қағидасы Нисан есімді аруды жолықтырғаннан кейін сынға түседі. Ал Нисан – нәзік болмысына қарамастан, ішкі беріктігімен ерекшеленетін кейіпкер. Ол сезім мен ақылдың арасында таңдау жасайды. Қос кейіпкердің жолы тоғысқан сайын, өткеннің құпиялары ашылып, оқиға шиеленісе түседі.
Сериалда бауырластық пен адалдық, достық тақырыбы да көрініс табады. Сол құндылықтарды ашатын – Мүслім образы. Бұл рөлді танымал актер Толга Текин сомдайды.
Толга Текин, актёр:
- Мүслім – діндар адам. Бұрын Шешенстанда соғысқа қатысқан, қиындықты да көрген. Сатқындыққа талай куә болған. Түрмеде Эшрефпен танысады. Ешреф Мүслім үшін барлығынан маңызды. Қажет болса, жанын беруге дайын. Жүрегі жұмсақ, бірақ қаталдығы да басым кейіпкер.
Жобадағы Ырмак кейіпкері де көрерменді ерекше баурап алады. Осы рөлді сомдайтын актриса Жерен Бендерлиоғлұның айтуынша, бұл образ өзінің табиғатына жақын.
Жерен Бендерлиоғлұ, актриса:
-Сценарийді оқығанда әйел бейнесі әлсіз болса, ондай рөлден бірден бас тартамын. Егер рөлді іштей қабылдай алмасам, онда жобаны таңдамауға тырысамын. Ал «Эшреф» телесериалындағы Ырмак образы көңілімнен шықты. Сценарий сәтті жазылған, көрерменге айтары бар жоба.
Түркияда тартысқа толы телехикаяға деген көрермен қызығушылығы жоғары. Сұранысқа сай түсірілім де былтырдан бері тоқтаған жоқ. Келесі жылы үшінші маусымы жалғасын табуы мүмкін. Ал «Хабар» арнасы телехикаяны 30 наурыздан бастап орыс тіліндегі нұсқасы әр дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 17:00-де, ал қазақ тілінде сағат 23:00-де көрермен назарына ұсынады. Жіберіп алмаңыздар!
Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков